$523.86 €544.34 ₽5.11
×

Шымкентте баспанасыз қалған екі отбасының мәселесі шешілетін болды

AstanaTV
29.01.2016ж. 20:00
1352
Шымкентте баспанасыз қалған екі отбасының мәселесі шешілетін болды

Шымкентте кәріз құбыры жарылуы салдарынан далада қалған екі отбасына жергілікті билік пәтер сатып әперетін болды. Қаңтар айының басында ел Чапаевка атайтын Оңтүстік шағын ауданында тұратын отбасылардың баспанасы жер астына кету қаупі туындаған. Олардың үй-жайы кәріз құбырының үстіне салыныпты. Бетон құбыр тозып, екі үйдің ортасындағы бос жер опырылып түскен еді.

Бейсенбек Жанбосынов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

Мемлекет тарапынан ауданы бұрынғы құлап жатқан үйлерінің аумағына пара-пар көлемде тұрғын үй сатып әперетін болып шешім қабылданып, ол кісілермен келісімге келіп, бүгінгі таңда ол кісілердің арызын алдық. Наурыз айының мейрамына қарай, Құдай қаласа, ол кісілер пәтерлі болып, бір қуанышқа кенелетін шығар деп отырмыз.

Қиындыққа тап болған екі отбасы жатақханаға жайғасудан бас тартып, туыстарының үйін паналап келді. "Ертең оларды әкімдік есебінен уақытша пәтерге жайғастырамыз",- деді Бейсенбек Жанбосынов. Бұл аумаққа жарияланған төтенше жағдай режимі алынып тасталды. Сондай-ақ, осы төңіректе жалпы саны 99 нысан кәріз жүйесіне жақын орналасқаны белгілі болып отыр. Енді қалған 97 үй мен қора-қопсыны бұзбау үшін, қала әкімдігі ұзындығы 5 жарым шақырымдай жаңа кәріз жүйесін басқа жолмен айналдырып өткізуді көздеген. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ