$498.51 €522.84 ₽4.81
×

«Нұр Отан» партиясы сайлауалды бағдарламасы мен партиялық тізімін бекітті

AstanaTV
29.01.2016ж. 20:00
3657
«Нұр Отан» партиясы сайлауалды бағдарламасы мен партиялық тізімін бекітті

«Нұр Отан» партиясы алдағы парламенттік аламанның сайлауалды бағдарламасы мен партиялық тізімін бекітті. Кезекті саяси додаға түскелі отырған партиялықтар қатарында елге танылып үлгерген саясаткерлер мен өнер, спорт саңлақтары бар. Айта кетерлігі, партия ұсынған 127 үміткердің қатарында жастар көп. Мемлекет басшысы  өзі бастаған саяси ұйымның осы жолы да халықтың қолдауына ие боларына сенеді. Жаңа құрам елдің дамуына елеулі үлес қосатынын да айрықша атады. «Нұр Отанның» сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары мен негізгі міндеттері айқындалған алқалы жиыннан әріптесім Азамат Алдоңғаров.

Өңірлерден сайланған 600 делегат, екі мыңнан астам қатысушы. Бұл елдегі ең ірі саяси партияның мерзімінен бұрын өтетін парламенттік сайлау алдындағы кезектен тыс он жетінші жиыны. Жоспар бойынша он бірде басталуы тиіс съезге қатысушылар бірнеше сағат бұрын жиналған. Олардың арасында саяси бомонд, ғылым, мәдениет, спорт өкілдері бар. Солардың бірі - бүгінгі жиынға мұхит асып жеткен қазақтың даңқты боксшысы Геннадий Головкин.

Он жетінші съездің үш міндеті бар. Партияның сайлауалды бағдарламасын қабылдау, партиялық тізімді бекіту және ұйымның саяси кеңесіндегі ішкі ауыс-түйістерді дауысқа салу. Алдын-ала саяси кеңесте талқыланған сайлауалды бағдарламаның басым бағыттарын мемлекет басшысы тарқатып айтты. Жаңа жоспар іске асырыла бастаған Ұлт жоспарының жалғасы іспетті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ұлт жоспары - алдағы парламент сайлауындағы сайлауалды бағдарламамыздың діңгегі болады. Құрметті қатысушылар, бүгін күллі әлем дамудың қарама-қайшы күрделі жолына түсті. Оның біз үшін ешқандай жаңалығы жоқ. Мұндай қиындықтарды басымыздан өткергенімізге тарих куә.

«Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық.» бағдарламасы, аты айтып тұрғандай, бірлік пен тұтастықты ту етіп,  жұдырықтай жұмыла отырып жасампаздыққа жетуді көздейді. Мемлекет басшысы бұл мақсаттарға жетуде үш тағанның алғашқысы - бірлік жөнінде баса айтты. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Байлық та, бақыт та, өмір де - өз еліңде. Сырттан бақыт іздегеннің ісі баянды болғанын көргенім жоқ. Қанша миллиардер болсаң да, қызықтың барлығы өз еліңде, өз бала-шағаңның жанында.

Бағдарламаның негізгі сегіз бағыты бар. Олардың басым бөлігі экономикалық дамуға негізделген. «Әуелі экономика» принципі - әу бастан-ақ мемлекетіміз ұстанған қағида. «Нұр Отан» партиясының жаңа бағдарламасында «іс-қимылдың нақты жоспары», «экономикалық қайта өзгеру бағыттары», «жаңа әлеуметтік саясат», «қауіпсіздік және тұрақтылық» атты тармақтары бар. Елбасы алдағы бес жылдық жоспардың әлеуметтік міндеттерін «Нұр Отанға» жүктеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Партиямыз адамдардың жағдайына көбірек көңіл бөліп, бұл жұмыстардың басы-қасында жүру керек. Тәжірибе жетерлік. «Нұр Отанның» мұрындық болуымен 22 мың мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналасты. Бұл жұмыс жасотандықтарға үлгі болуы тиіс. «Жас Отан» мүшелері үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуі тиіс. Біз бұндай бастамаларды қолдаймыз.

Бағдарлама жаңа болғанымен оның міндеттері елде бұған дейін жарияланған реформалармен үндес. Сондықтан «Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасы бүгінгі тұрақтылыққа кепіл деуге толық негіз бар. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

Отандастар! Тоқ етерін айтып келген кезде, біздің бәріміздің мүддеміз ортақ. Ол - тұрақты, біртұтас және өркендеген Қазақстанды құру, әрі қарай жеткізу, «Мәңгілік ел» деген арманымызды орындау халықтың алдында. Бірлік арқылы тұрақтылыққа, тұрақтылық арқылы жасампаздыққа жол бастау - біздің айнымас қағидамыз. «Нұр Отан» берген уәдесін әрқашан орындап келеді. Қазір де орындайтынына сендіреміз.

Партия сенім жүктеген азаматтарға тоқталсақ. Тізімде 127 есім бар. Мысалы, вице-премьер Дариға Назарбаева, Президент әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматулин бастаған тізімді Гүлшара Әбдіхалықова, Бақыт Сұлтанов, Арыстанбек Мұхамедиұлы, Бердібек Сапарбаев, Сергей Кулагин, Амандық Баталов, Даниал Ахметов сынды сақа шенеуніктер жалғастырған. Жаңа тізімде бір кездері өткір сұрақтарымен талай министрді сынға алған экс-депутат Бекболат Тілеухан да бар. Халық қаласа, мәжілістің мінберінде сол халыққа қызмет етуге дайынмын, дейді.

Бекболат Тілеухан, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті:

Қалай болғанда да, елдің берекесі үшін, тыныштығы үшін мынадай дағдарыс кезінде жұмыс істеу елдің бірлігіне, тұрақтылығына қызмет ету - әрбір алаштың баласының ардақты парызы. Сондықтан үміткер болайын-болмайын, мен осы салада жұмыс істей беремін.

«Нұр Отан» ұсынған тізімде жастар да көп. Олардың көшін Қуандық Бишімбаев бастап тұр. Алдағы саяси науқанды партия ұсынған өнер саңлақтары мен спорт майталмандары қыздырғалы тұр. Геннадий Головкин, Илья Ильин, Серік Сәпиев, Қайрат Нұртас, Жанар Дұғалова, Нұрлан Әлімжан. Бұл азаматтардың таңдалуы «жас келсе, іске»  қағидасымен үндесіп тұр.

Қайрат Нұртас, әнші:

Халық осы күнге дейін мені көтерді, қошеметтеді, осындай дәрежеге жеткізді. Ендігі менің міндетім - сол халықты көтеру, халыққа қызмет ету деп ойлаймын.

Нұрлан Әлімжан, актер:

Ойсыз адам болмайды ғой. Сондықтан ойыңда талай-талай дүниелер бар. Еліме осылай қызмет етсем, пайдамды тигізсем, жоспарларың бар деген сияқты.

Надежда на молодежь, на образование, на инновации, на технологии. Желаю успеха всем.

Өңірлерден келген делегаттар арасында мемлекет басшысына өз ұжымының ыстық сәлемін жеткізем деушілер көп болды. Қатаң протоколға қарамастан, президент олардың барлығына уақыт тапты. Осындай достық көңіл күйде нұротандықтар алдағы саяси аламанға дайындығын түйіндеп тарқасты. Айта кетейік, Парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттарға депутаттар сайлау 20 наурызда өтеді. Ал 21 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясы  төменгі палатаның тоғыз мүшесін таңдамақ. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ