Қызылжар тұрғыны
Давид Литвинов түрлі ұлт өкілдеріне тиесілі халық аспаптарынан коллекция
жинаған. Гавай гитарасы, орыс балалайкасы, тіпті көне аборигендердің музыкалық
аспабы да бар.
Музыкант бұл дүниелерді жинап қана қоймай, кейбірін меңгеріп те
алған. Аймақтағы әріптестерім талант иесімен кездесіп, халық аспаптарының
ерекшеліктеріне зер салды.
Давид Литвинов - музыкалық аспаптардың құлағында ойнайтын қас шебер.
Ол музыка саласына
қаршадайынан ден қойған. Әнге деген ынтасы аккордеоннан басталыпты. Бұл аспап
оған ата-бабасынан мұра ретінде қалған.
Давид
Литвинов, музыкант, композитор:
Мына
аккордеонды атам сыйлады. Балаларымның ішінен маған біреу немере сыйласа, соған
тарту етемін деді. Міне, маған бұйырды. Ол Германияда әскерде болып, аспапты сол
жақтан алып келген.
Ізінше
музыканттың жеке қоры балалайка және гитарамен толыққан. Қазір Давидтің
коллекциясында түрлі ұлттық аспаптардың 20 шақты түрі бар. Үнді флейтасы, қытай
скрипкасы және тағысын тағы.
Ал ерін гармошкасы қоржындағы ең көне аспап болып
саналады. Бұл жәдігерге 150 жыл болған. Коллекция иесінің пайымдауынша, әлемнің
бүкіл аспаптары бір бірімен ұқсас. Мысалы, гитара мен домбыра.
Давид Литвинов, музыкант, композитор:
Гитара мен домбыраның негізгі ноталары - до,
ре. Мен гитараның 4 ішегін басып, қалған екі ішегімен домбырадағыдай ойнаймын.
Бірақ даусы бәрібір өзгеше шығады. Себебі домбыраның екі ішегі бірдей.
Музыкант біршама
уақыт мектепте мұғалім болып жұмыс істеді. Балаларға аспаптардың тарихын
баяндаған. Бірнеше жылдан кейін Давид консерваторияға түсуді жоспарлап отыр. Ал
әзірге жергілікті театрлардың ұсыныстарымен айналысуда.
Қазіргі таңда ол аспаптарының
көмегімен балаларға арналған Али-Баба спектакліне ән ойлап табуды ойластырып
жүр.
Абзал ҚҰРМАНКИН