Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Мәжіліс депутаты: «Президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев 97% дауыс басымдығымен жеңіске жетуі мүмкін»

AstanaTV
16.02.2015ж. 20:00
713
Мәжіліс депутаты: «Президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев 97% дауыс басымдығымен жеңіске жетуі мүмкін»

Елімізде мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу - экономикалық және саяси қажеттілік. Бүгін Парламент Мәжілісінің бірқатар депутаттары Қазақстан халқы Ассамблеясының президент сайлауын ертерек өткізу жөніндегі бастамасына қатысты пікір білдірді. Депутаттар, «әлемді теңселтіп отырған қаржылық тербеліс үдемей тұрып, сайлау өткізіп алу қажет», деп санайды. «Және алыс-жақын мемлекеттердегі саяси тұрақсыздық елдің қалыптасқан ішкі-сыртқы саясатының жүйелі жалғастырылуын қажет етеді», - дейді. 

Ахмет Мурадов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Әлемдік экономиканың дағдарысқа қарай қадам басқанын әлем мойындап отыр. Және біздің бұл процесстен шет қалуымыз екіталай. Дағдарыстың шарықтау шегі 2016-17 жылдарға келеді. Сондықтан «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру мен сайлау мерзімін кейінге қалдыра берсек, ұйымдастыру шараларының өзі қиынға соғады. Сондықтан президент сайлауын өткізудің техникалық қолайлы мерзімі - 2015 жыл.

Айқын Қоңыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Халық коммунистері» фракциясының мүшесі:

Біз саяси ұйым ретінде кез-келген уақытта кез-келген сайлауға әзірміз. Ол мәслихат, мәжіліс, тіпті президент сайлауы болсын. Біздің 100 мыңнан астам мүшеміз бар, соның ішінен партиямызды президент сайлауында ұсынар 1-2 өкіл табылады деп ойлаймын.

Алмас Тұртаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі:

Бұл жөнінде біздің фракция әзірге бас қосқан жоқ. Әзірге, жеке менің өзімнің басымнан айтатын, біз халықтар Ассамблеясындағы әріптестерімізді толық қолдаймыз.

Мұхтар Тінікеев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Елдің қарымды дамуы үшін, мықты көшбасшы керек. Ондай мықты басшы - Нұрсұлтан Назарбаев. Мен де елдің азаматы ретінде халықпен тілдесіп, пікірлерін тыңдадым. Халық Мемлекет басшысын қолдап, оның 95-97% дауыс басымдығымен жеңіске жетерін болжап отыр. «Нұрлы жол» және басқа да бағдарламаларды сол жоспарларды әзірлеген адамнан басқа кім жүзеге асыра алады?

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА