Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Ауылдағы мәдениет ошағы жеке фирманың олжасына айналды

AstanaTV
17.02.2015ж. 13:00
1181
Ауылдағы мәдениет ошағы жеке фирманың олжасына айналды

Қостанай облысы Майкөл ауылының тұрғындары рухани байлыққа қол жеткізе алмай отыр. Елді-мекенде мәдениет үйі жоқ. Ауыл тұрғындарының айтуынша, 2 жыл бұрын, жергілікті жеке фирма ғимаратты бұзып, жермен - жексен еткен.

Құрылыс материалдарын өз қажеттілігіне қолданғанса керек. Жеке фирма мәдениет ошағын 500 мың теңгеге бағалап, ақшаны ауыл мектебіне аударады. Алайда, қомақты қаражатты директор қалтасына басып, көп ұзамай қызметінен кетіп қалған көрінеді.

Үміт Оспанова, Қостанай облысы Майкөл ауылдық округі аппаратының бас маманы:

Сол мектеп директорына беріпті ғой апарып, сол сақтауға салдым, бір жақыным бар деп қалада айтып жүрген. Содан кейін ол кісі де жұмыстан кетті.

«Ауыл мүлкі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Біз 500 мыңнан басқа, құрылыс материалдарынан түскен қомақты қаражаттың қайда және кімнің қалтасына басқанын білгіміз келеді»,-дейді жергілікті тұрғындар.

Алайда  аудандық ішкі істер бөлімі мен прокуратура қызметкерлері қылмыстық істі қозғаудан бас тартып отыр. Өйткені бұзылған ғимарат ешкімнің иелігінде болмаған. Яғни, заңға сәйкес зардап шеккен тарап жоқ. Ал жарты миллион теңгені мектептің бұрынғы директоры ауыл халқына қайтаруға уәде беріпті. Бұл ақпаратты да құзырлы орган өкілдері хабарлап отыр.

Азамат Құрманов, Қостанай облыстық прокуратурасының басқарма бастығы:

Ол ғимарат 90-шы жылдардан бері иесіз, қаңырап тұрған. Және ешкімнің жеке меншігінде болмаған.Сондықтан Майкөл орта мектебі директорының жасаған әрекетінде қылмыстық негіз жоқ деп танылды.

Заңғар САНАЙ