$499.51 €525.83 ₽4.62
×

Сенаторлар кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы Елбасына үндеу жолдады

AstanaTV
19.02.2015ж. 20:00
954
Сенаторлар кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы Елбасына үндеу жолдады

Мәжілістен кейін Парламент Сенатының депутаттары да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы мәселені қарауды сұрап, үндеу жолдады. Сенаттың бүгінгі жалпы отырысында Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы ұсынысы қаралды. Жоғарғы палата төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің бірлігі мен ынтымағын арттырып, ішкі саяси тұрақтылықты сақтауда кезектен тыс сайлаудың орны ерекше екеніне тоқталды. Бұл бастаманың дер кезінде көтерілгенін, сайлау өткізу әлемде орын алған шиеленістер мен жаһандық экономикадағы тұрақсыздық жағдайында еліміз үшін аса маңызды қадам екенін атап өтті.

Отырыс барысында сенаторлар Президенттің атына Үндеу жолдады. Депутаттар Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы ұсынысын қарап, сайлауды тағайындау туралы мәселені қарастыруды Елбасыдан сұрады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Тарихтың сан қилы кезеңдерін абыроймен еңсере білген қазақстандық қоғам әлемдік жүйедегі қазіргі құбылмалы жағдайда Елбасымын бірге жұмыла отырып, Президент межелеген ауқымды міндеттерді іске асыруды одан әрі жалғастырылуы қажет. Бұл сайлаудың қазақстандықтарға қажеттілігін терең сезіне отырып, ҚХА кеңесінің бастамасын қолдау жөнінде үндеу қабылауды ұсынамын.

Мұхтар Алтынбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Әскерилердің арасында да бұл мәселе жан-жақты қолдауға ие болып жатыр. Өйткені әрбір Қазақстан азаматы үшін елдің береке-бірлігі, тынышытығы, әлеуметтік өркендеуі аса маңызды.

Бектас Бекназаров:

Президент сайлауын биылға жоспарлаған қоғамдық маңызы аса зор осы шараны елдік пен бірліктің мерекесі етуге біз де бір ауыздан үн қосамыз деп сенемін. 

Сондай-ақ бүгін, Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық кеңеске өтініш жолдады. Бұл жөнінде Парламенттің ресми сайты хабар таратты. Онда ата заңның 72-бабын басшылыққа ала отырып, кезектен тыс сайлау мәселелері регламенттелген Конституцияның 41-бабының 3-1 тармағын ресми түсіндіру туралы өтініш білдірді.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ