Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

ШҚО-да 127 мың гектардан астам егіндік алқап бос жатыр

AstanaTV
26.02.2015ж. 10:00
1136
ШҚО-да 127 мың гектардан астам егіндік алқап бос жатыр

Шығыс Қазақстан облысындағы 127 мың гектардан астам егіндік алқап, пайдаланылмай, бос жатыр. Бұл туралы Өскеменде, жергілікті атқамінерлер бас қосқан жиында айтылды. Игерілмей бос жатқан алқаптардың қожайыны кім екендігінен, ауыл әкімдері, тіпті жауапты басқарма басшылары да хабарсыз болып шықты.

Түгін тартса майы шығар бұл жерлерді кім не үшін бергені де белгісіз.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Облыстың 7 ауданында 127 мың гектар жердің бос, жатқаны анықталды. Бұл бағыттағы жұмыстарді тиісті мекемелерге тапсырды. Біз оларға қажетті нұсқаулар бердік, енді олар өз ісін атқаруы тиіс.

Астық бітік шығуын тілеп, аспанға алақан жаюдың бекершілік екендігін шаруалар жақсы меңгерген. Өз ісінің шебері болуға талпынған олар үйренуден қашпайтынын да жеткізді. Ал сәуір айында арнайы топ өкілдері ауыл-аймақты аралап, тұрғындарға «Агробизнес-2020» бағдарламасын түсіндіреді.

Мемлекеттің қолдауы арқылы шаруалар ескірген құралдары мен техникасын жаңартып, сапалы тұқым сатып ала алады. Ылғал үнемдеу технологиясын меңгеріп, сүт өндірісін жолға қоюға да мүдделілік танытып отыр.

Бұл - отандық өнімдердің бәсекелес болуы үшін қажет шарттардың бірі.

Фарид Әбітаев, шаруа:

Қазір біздің шаруаларға білім мен батылдық жетіспейді. Олар мемлекеттік бағдарламалардың тиімді тұстарынан да бейхабар. Егер осы салада жұмыстансақ, олқылықтың орнын толтыруға болады. Бүгінде РФ мемлекет қолдауын шектеп, демеуақы бөлу ісін қысқартты. Ал біздегі жағдай бұдан көш ілгері. Сондықтан, осы мүмкіндікті жете пайдалануымыз керек.

Еркін КАРИН