Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Атырауда тағы бір мұғалім туберкулездің ашық түрімен ауыратыны анықталды

AstanaTV
15.02.2016ж. 20:00
2043
Атырауда тағы бір мұғалім туберкулездің ашық түрімен ауыратыны анықталды

Атырауда туберкулездің ашық түріне шалдыққан мұғалім оқушыларға сабақ беріп келген. Бұл ақпаратты облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері Жаңабай Сағиев растады. Ғабит Мүсірепов атындағы №5 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі қаңтар айында денсаулығына шағымданып, дәрігерге қаралған. Ақ халаттылар оған туберкулездің дәріге төзімді түрімен шалдыққанын анықтаған. «Жас ұстаз өткен жылы жұмысқа қабылданар алдында медициналық тексерістен өтіпті. Ол кезде денсаулығында еш кінәрат болмаған», - дейді қалалық білім беру бөлімінің сектор меңгерушісі. 

Жаңабай Сағиев, Атырау облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері:

Бұрын ауырмаған, қарым-қатынаста болмаған. Жоспар бойынша ақпан айында өтуге тиіс болатын, бірақ қаңтарда ауырғасын, бүйірі ауырып, жөтел пайда болып, тағы сондай ауру болғаннан кейін емханаға барған. Туберкулездің оң жақ өкпесіне шоғырланған түрі ашық түрімен деген дерт қойылған. Қазіргі уақытта ол кісі бізде емделіп жатыр.

Орынгүл Қуандықова, Атырау қалалық білім беру бөлімінің сектор меңгерушісі:

Мектепке дизенфекция жұмыстары жүргізіліп, ол кісі сабақ беретін оқушылардың барлығы ата-аналардың рұқсатымен арнайы медициналық тексерістен өткізілді және осы мектептің 77 қызметкері медициналық тексеруден өткізіліп, қазір ешқандай қауіп жоқ, оқу процесі өз уақытында жүруде.

Айта кетейік, бұл - Атыраудағы алғашқы жағдай емес. Соңғы үш жылда аймақтың білім беру ұйымының 6 қызметкерінен құрт ауруы анықталған. 

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ