Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Шымкентте «Сәуле» шағын ауданының бір топ тұрғыны жер телімдерінің заңдылығын дәлелдей алмауда

AstanaTV
03.03.2015ж. 20:00
1375
Шымкентте «Сәуле» шағын ауданының бір топ тұрғыны жер телімдерінің заңдылығын дәлелдей алмауда

Шымкентте 34 отбасы далада қалуы мүмкін. «Сәуле» шағын ауданының бір топ тұрғыны өз иеліктеріндегі жер телімдерінің заңдылығын дәлелдей алмай сарсаңға түсіп отыр. Бұған дейін Сайрам ауданы аумағына жатқызылған бір көше былтырдан бері қала қарамағына өткен. Қалалық болдық па дегенде, қалада емес, далада қалғандарын, тұрғындар баспана құжаттарын қайта рәсімдеу кезінде бір-ақ білсе керек. Оқиғаның мән-жайын тілшіміз Айзада Төребекқызы анықтады.


«Сәуле» шағын ауданының тұрғыны Тұрсынхан Өтемғалиевтан бүгінде күндіз күлкі, түнде ұйқы қашқан. 2007 жылы жер телімін алып, үш жыл бойына баспана салған. Шымкент қаласының аумағы кеңейіп, өздерінің жері облыс орталығына қосылғандықтан, талапқа сай құжаттарын қайта рәсімдеуге кіріскен. «Сол кезде ғана бұл телімдер Қорғаныс министрлігіне тиесілі екенін білдік», - дейді. 

Тұрсынхан Өтемғалиев: 

Енді біздер үйді тартып алады ма деп, қорқып отырмыз, әңгіменің ашығы да. Бала-шағамыздың бәрі қай жаққа баратынымыз белгісіз қазір. Там салған кезде ешқайсысы келген жоқ. Бұлар 2011-де алған актісін әскери бөлім. Ал біздер 2007-де алғанбыз ГосАКТні. Ал сол кезде не бітіріп жүргенін білмейміз бұлардың. 

Осындай қиындық мұндағы 34 отбасының басына түсіп тұр. Барлығы да телімдерін бұл жер Сайрам ауданына қараған тұста алған. Құжаттары бола тұра, мемлекеттік акт ала алмай жүрміз, дейді. Жердің қалайша әскери бөлімге тиесілі болып шыққанын, ешбірі түсіне алмай әуре. 

Мейізгүл Сахова: 

Мен бұны алар алдында, облыстық кадастр бөліміне апарып тексерткенмін қағазымды. Ол жердегілер айтты: «Сіздің қағазыңыз заңды, жер заңды». Содан кейін барып мен алғанмын бұл жерді о баста. Ал енді бүгінгі жауаптары басқаша болып отыр. 

Бахтияр Миралиев: 

Бұрынғы бастықтары, пайдалану бөлімі сайрамдық әкімшілікпен келіп мына заборды салып берді де, «бұл сіздердің жерлеріңіз, біздікі емес» деп, забормен қоршап тастаған. Өйткені ар жақта асфальт бар еді, біз асфальтке шығамыз дедік те жолға. Сол кезде заборды салып тастады «сіздер бұл жаққа өтпейсіздер, біздің жеріміз. Мына жағы сендердікі» деп, өздерінің жерін қоршап алған. Ал сол сөзді айтсақ, енді бұл біздің жер дейді. Білмеймін, сот шешеді, дейді.  


Ай-күннің аманында далада қалғалы отырған жұрт жәрдем сұрап аудандық әкімнің алдына барған. Әкім құжаттарды заңдастыруға көмектесуге ниет білдіргенімен, артынша «сотқа жүгінуге кеңес берумен» шектелді дейді «Сәуле» ауданы тұрғындары. Тұрғындарды әрі-сәрі қылған жерге әскери бөлім қазір тұрғын үйлер жайғасқан аумақта, жергілікті жұрттың дерегінше, «танкодром» салмақ. Алайда нақты мән-жайды Қорғаныс министрлігіне қарасты 35/748 әскери бөлімі басшыларынан сұрап білу мүмкін болмады. Ал жер бөлімі осы аумақтағы 47 гектардың әскерилердікі екенін және жеке азаматтарға ол телімдер заңсыз берілгенін кесіп айтты. 

Қасымбек Сайлауов, Шымкент қаласы жер қатынастары бөлімінің басшысы: 

Сайрам ауданының жылжымайтын мүлікті рақымшылық ету комиссиясымен заңсыз берілген бұл учаскелердің барлығы. Ал негізінде бұл жер учаскесі әскери бөлімге 2004 жылы берілген. Сол кездегі Сайрам ауданының рақымшылық ету комиссиясы осыған жауап беру керек. 

Жерге жауаптылардың айтуынша, жердің заңсыз берілу дерегін анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Осыдан соң ғана мәселе біржақты шешілуі мүмкін. Ал мәселенің өз пайдаларына оңайлықпен шешіле қоярынан үміті үзілген он бір отбасы сот көмегіне жүгінді. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ