$499.51 €525.83 ₽4.62
×

Орталық сайлау комиссиясы президентікке кандидат атанудан үмітті соңғы бірнеше азаматтың құжаттарын қарап жатыр

AstanaTV
17.03.2015ж. 20:00
1019
Орталық сайлау комиссиясы президентікке кандидат атанудан үмітті соңғы бірнеше азаматтың құжаттарын қарап жатыр

Орталық сайлау комиссиясы президенттіке кандидат атанудан үмітті соңғы бірнеше азаматтың құжаттарын қарап жатыр. Бүгін лингвистикалық комиссияның сынынан өтпеген 6 адамның бірі емтиханды сәтті тапсырып, енді бірі саяси тартыстан өз еркімен бас тартты. Алдағы электоралды науқанның соңғы жаңалықтары туралы сайлау комиссиясынан Азамат Алдоңғаров баяндайды.

Сайлау науқанының кезекті күні саяси тартысқа түсуге алғашқы күннен-ақ ниет танытқан эколог Мэлс Елеусізовтің өз еркімен өтінішін кері қайтаруымен басталды. «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы бұл шешімін қаржылық қиындықтармен түсіндірді. Оның сөзінше, сайлауға төленетін міндетті жарна мен кампания шығындары қомақты. Белсенді эколог өзінің қаржылық мүмкіндіктерін асығыс, асыра бағаласа керек. 

Мэлс Елеусізов, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы:

...қажетті ақшаны мен жинаған жоқпын. Қалған екі күнде мен 100 мың дауысты жинамаймын. Сондықтан арыз жазып шықтым сайлаудан. Басқа себеп жоқ.

Елеусізов өзін өзі ұсынған күні мемлекеттік тіл бойынша емтиханды тапсырарына да күмән келтірген. Емтихан негізі бүгінге жоспарланған. Дегенмен, сынаққа жетпестен, додадан шықты. Ал Қазақстан коммунистері атынан сайлау науқанына түскен Тұрғын Сыздықов Орталық комиссиясының бірнеше сынынан сүрінбей өтіп, бүгін ҚР Президенттігіне кандидат куәлігін алды. Коммунист ең негізгі жұмыс алда, елді аралап, саяси бағдарламамды әр қазақстандыққа жеткізуге тырысамын деп, қуанышын жасырмады.

Тұрғын Сыздықов, ҚР Президенттігіне кандидат:

Елге шығып, қызмет істеуіміз керек. Өз ойларымызды, пікірлерімізді, бағдарламамызды халыққа жеткізуіміз керек.

Түстен кейін президенттікке кандидат атануға тағы бір ниетті - Хасен Қожахметов - лингвистикалық комиссиядан «мемлекеттік тілді еркін меңгерді» деген баға алды.

Мырзатай Жолдасбеков, ҚР ОСК лингвистикалық комиссиясының төрағасы:

Жұмысты жақсы жазды Хасен Кәрімжанұлы. 4 қате кеткен екен, біреуі емлелік қате, бірі стилистикалық, 2 тыныс белгісі. Біз бұны жақсы бағалап отырмыз.

Бірақ сайлау науқанының келесі кезеңіне өткен үміткер бізден қаржыдан қысылатынын жасырмады. Науқанға өзін өзі ұсынғанмен, «қажетімді өтейтін атымтай жомарттар бар» дейді.

Хасен Қожахметов, ҚР Президенттігіне үміткер:

Менің өзімде мүмкіндік жоқ, әрине, қаражат жағынан. Бірақ тілден өтіп, әрі қарай ұлттық бағытта өз пікіріңізді айтсаңыз, біз қаржыландырар едік деп, сол азаматтардың қаржысымен келіп отырмын.

Азамат Алдоңғаров, тілші:

Айта кетейік, Хасен Қожахметов президенттік сайлауға осымен екінші мәрте түсуге ниеттеніп отыр. Қорытындыласақ, мемлекеттік тіл емтиханын тапсырмаған әлі 4 үміткер бар. Ертең лингвистикалық комиссия жұмысын аяқтайды. Ал кандидаттарды тіркеу 25 наурызда аяқталуы тиіс. Әзірге кандидат куәлігін алғандар екеу - Нұрсұлтан Назарбаев пен Тұрғын Сыздықов.


Азамат АЛДОҢҒАРОВ