$499.51 €525.83 ₽4.62
×

Астанада ҚКХП атынан президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықовтың үгіт-насихат штабының таныстырылымы өтті

AstanaTV
26.03.2015ж. 20:00
2293
Астанада ҚКХП атынан президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықовтың үгіт-насихат штабының таныстырылымы өтті

Астанада Қазақстан коммунистік халықтық партиясы атынан президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықовтың үгіт-насихат штабының танытымы өтті. Штаб өкілдері сайлау кампаниясы жоспарымен бөлісті. Кандидаттың сайлауалды бағдарламасын іске асыруға 40 миллион теңге бөлінген. Бүгінде үгіт-насихат шараларын үш мыңнан астам сенімді өкіл атқаруда. Жалпы сайлау науқаны барысында үгіт-насихат тобы бірқатар өңірлерді аралап шықпақ. Сәуірдің 24-іне дейін барлығы 40 іс-шара өткізу жоспарланған. Бүгін «үгіт пойызының» алғашқы легі Көкшетау қаласына аттанды.

Орталық сайлау комиссиясында тіркеліп, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат мәртебесін алған Тұрғын Сыздықов кең көлемдегі үгіт-насихат жұмыстарына кірісті. Алғашқы жиын барысында ол жұртшылықты сайлауалды бағдарламасының бағыт-бағдарымен таныстырды. Құжат негізінен әлеуметтік мәселелерге арналған. «Алдымен экономика, одан кейін саясат, енді бұған әлеуметтік әділеттік деген ұғымды қосуымыз керек», - деді кандидат.

Тұрғын Сыздықов, ҚР Президенттігіне ҚКХП атынан кандидат:

Қазір экономиканы көтердік, саясатты енді дұрыстап, мынау әлеуметтік халықтың әлеуметтік жағдайын дұрыстатуға жол ашу керек деп ойлаймыз. Біздің партияда жүз мыңнан астам кісілер, бәрі де бүгін сол белсенді қызметке кіріседі деп, мен ойлаймын.

Партия мүшесі, мәжілісмен Жамбыл Ахметбеков халықтың партияға деген сенімі жыл санап артып келе жатқанын айтады. Мәселен, 2004 жылғы президенттік сайлауда партия активінің құрамында 1800 адам болған. Ал 2011 жылғы сайлауда олардың қатары 36 мыңға дейін өскен. «Партия қатарында қазір жүз мыңнан астам мүше бар. Бастысы - сайлауалды тұғырнаманы халыққа түсінікті, әрі ашық та айқын жеткізе білу», - деді Жамбыл Ахметбеков.

Жамбыл Ахметбеков, ҚР ҚКХП хатшысы:

Партияның бағдарламасында белгіленген, ол әлеуметтік мемлекет құру, жұмыс құқығы әр адамға деген, және экономика саласындағы түсіп жатқан пайдалардың барлығын тек ғана әлеуметтік салаға, халыққа жұмсау. Партияның бағдарламасы мен және біздің президенттікке үміткер Тұрғын Ысқақұлының бағдарламасы қатар, қосарлана жүргізілетін болады.

Кандидаттың сайлауалды үгіт жұмыстарын жүргізу үшін облыстық, қалалық және аудандық штабтар құрылып, жұмыс істей бастады. Үгіт-насихат шараларын атқаруға үш мыңдай сенімді өкіл кіріскен. Бүгін кандидат жақтастары жасақтаған үгіт пойызымен ел аралауға шықты. Алғашқы аялдама Ақмола облысының Көкшетау қаласы. Үгіт тобы әрі қарай Қостанай, Павлодар, Петропавл, Өскемен және Алматы қалаларында болып қайтады деген жоспар бар.

Жамбыл Ахметбеков, ҚР ҚКХП хатшысы:

Біздің алғашқы маршрутымыз мынау солтүстік өңірлерге қарай. Одан кейін шығыс пен оңтүстік өңірлерді аралап болғаннан кейін, Алматы қаласы мен Астанаға маршрут салдық.

Жұрағат БАМАН