АҚШ үкіметі шетелдегі америкалықтардың телефон әңгімелерін 1991-шы жылдан
бері тыңдап келген. Бұл туралы USA Today хабарлады. Тыңшылықты Құрама штаттар
Әділет министрлігіне қарасты агенттік, есірткіге қарсы күрес басқармасының
тапсырмасымен жүргізсе керек. Әуелгіде есірткі саудасына жол бермеуді
көздегендер, кейін мұнымен шектелмей, қарапайым тұрғындарды, тіпті мемлекет
басшыларының сөздерін де тыңдапты.
АҚШ үкіметі телефонға қоса, интернет қолданушылардың да әрекетін қалт
жібермейтіні туралы дәйекті мәлімдемелер 2013-ші жылдың жазында жарияланды.
Кезінде Орталық Барлау Басқармасы мен Ұлттық қауіпсіздік агенттігінде жұмыс
істеген Эдуард Сноуден ақпарат құралдарына құпия құжаттарды тапсырып, ел
үкіметінің тыңшылық әрекетін әшкереледі.
Америкалық арнайы қызметтің абыройы айрандай төгілген сол жолы,
Вашингтондағы барлаушылар әлемдегі аузы дуалы саясаткерлерді де аңдығаны
белгілі болды. Содан бері АҚШ билігі ізіне түскен Сноуден былтырдан бері
Ресейді паналап жүр.
Еркін КАРИН