Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қостанайлықтар сайлауда белсенділік танытты

AstanaTV
26.04.2015ж. 19:00
1050
Қостанайлықтар сайлауда белсенділік танытты

Саяси науқан Тобыл өңірінде өте қарқынды өтіп жатыр. Облыс бойынша сегіз жүзден астам сайлау учаскесі жұмыс істеуде. Аймақта 545 мың сайлаушы тіркелген. Ал, денсаулығына байланысты сайлауға бара алмаған жандарға көшпелі жәшік жеткізілді. Дәл қазіргі уақытқа дейін сайлаушылардың 70 пайыздан астамы дауыс берді деп хабарлады облыстық сайлау комиссиясының өкілдері. ЙФ: }

Ел өміріндегі елеулі оқиға Қостанайда таңғы жетіден бастап қарқынды бастау алды. Қаладағы 78 сайлау учаскесінің есігі өз таңдауын жасауға келген тұрғындарға айқара ашылды. Ал, түстен кейін мүмкіндігі шектеулі көпшілікке көшпелі жәшіктер жеткізілді. Денсаулығына байланысты сайлауға бара алмаған қарттар мен кембағал жандардың баршасы дауыс берді.

Александра Боронина соғыс жылдары медбике қызметін атқарған. Талай жауынгердің жанын сақтап қалдым-дейді - қарт ана. Ерен ерлігі үшін кеудесіне оннан астам төс белгі тағылған. 92 жастағы ардагердің соңғы жылдары денсаулығы сыр беріп, қол арбаға таңылған. Сондықтан сайлау учаскесінің өкілдері көшпелі жәшікті көнекөз қарияның үйіне апарды.

Александра Боронина, Отан соғысының ардагері:

Маған көңіл бөліп, жәшікке өз қолыммен бюллетень салуға үлкен мүмкіндік берді. Мен сайлаушы ретінде өз борышымды өтегеніме қуаныштымын.

Қостанайдағы нөмірі 15-ші сайлау учаскесінің өкілдері көшпелі жәшікті 23 адамның үйіне апарды. Үйінде отырып дауыс беруге өтініш білдіргендердің бірі - Михаил Спасенов. Еңбек ардагері бір ай бұрын тайғанап құлап, тізесіне зақым келгендігін айтады.

Михаил Спасенов, Еңбек ардагері:

Мұндай жағдайда, сайлау учаскесінен адам келетінін алдын-ала білдім. Мен Қазақстанның дамуы үшін, экономикалық әлеуетінің көтеріліп өмір сүру деңгейінің арта түсу үшін дауыс бердім.

Қаладағы 15- ші сайлау учаскесіне 1255 адам тіркелген. Түске дейін сайлаушылардың 60 пайызы өз таңдауын жасап үлгерді. Әсіресе жастар жағы саяси науқанға жаппай ат салысқаны анық байқалды - дейді сайлау учаскесінің өкілдері.

Мағауия Мұхымбеков, Қостанай қаласындағы № 15 сайлау учаскесінің төрағасы: Салыстыра келгенде биылғы жылы халықтың талпынысы өте көп. Олардың 60 пайызы дауыс беріп қойды. Соның ішінде 50 пайызы жастар болып отыр.

Заңғар Санай, тілші:

Жалпы, Қостанай облысы бойынша, ел президентін сайлауға жарты миллионнан астам адам дауыс беруі тиіс. Олардың 140 мыңға жуығы қала тұрғындары. Сайлаушылар түске дейін ерекше белсенділік танытып, басым бөлігі дауыс беріп үлгерген. Айтып өтейік, аймақта барлығы 847 сайлау учаскесі жұмыс істеуде.

Заңғар САНАЙ