$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыдағы «Адем» сауда орталығы отқа оранды

AstanaTV
27.04.2015ж. 13:00
1562
Алматыдағы «Адем» сауда орталығы отқа оранды

Алматыдағы «Адем» сауда орталығы отқа оранды. Ғимарат түні бойы тоқтаусыз жанған. 25 мың шаршы метр аумақ күлге айналды. Қалалық төтенше жағдайлар департаменті таратқан ақпаратқа қарағанда өрт туралы хабар тым кеш түсіпті. Куәгерлердің сөзіне қарағанда, орталық күзетшілері өртті өз күштерімен ауыздықтамақ болған. «Сондай-ақ ірі сауда орталығында өрт сөндіру гидранттары қалыпты жұмыс істемеген және алауға қарсы құрылғылар істен шыққан»,- дейді құтқарушылар.

Ерлан Әлібеков, Алматы қаласы ТЖД  өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары:

Сағат 22:24-те оқиға туралы ақпарат Төтенше жағдайлар департаментіне түсті. Біздің алғашқы құрам 22:30-да  орталыққа келіп жетті. Бүгін таңғы сағат 06:30-дарда өрт сөндірілді. Оқиға орнында 536 адам, 100-ден астам техника, 200 әскери қызметкер, су таситын 2 көлік  жұмылдырылды. Өрт себебі мен келтірілген шығын қазір анықталуда. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.

Бүгін сауда орталығының кәсіпкерлері мен саудагерлері, мұнда ертемен жиналды. Сондай-ақ, аудан әкімі мен қалалық ішкі істер органдарының басшылары да келді. Жапа шеккендермен, сауда орталығының әкімшілігі де кездесті. Олар бірігіп қазір арнайы штаб құрылғанын мәлімдеді. Сол жерде материалдық шығынға ұшырағандардың тізімі жасалмақ. Одан кейін жергілікті билік тауары жанған халыққа қажетті көмектер жасалатынын айтып отыр.

Ғазиз Нұрқаев, Алматы қаласы IІД бастығының орынбасары:

Қазір бұл факт бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі тіркелді. Біз барлықтарыңыздан арыз қабылдауға дайынбыз. Ол жерде шығын көлемін және қандай тауар болғанын көрсетулеріңіз қажет. Біз қазір осы жерде штаб құрып, шағымдарды жеке- жеке қабылдаймыз. Қаладағы Ішкі істер басқармасына барып әуре болмайсыздар.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ