Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Шымкентте «адам ұрлады» деген күдікке іліккен кәсіпкер қамауға алынды

AstanaTV
18.05.2015ж. 20:00
1870
Шымкентте «адам ұрлады» деген күдікке іліккен кәсіпкер қамауға алынды

Шымкентте ірі сауда желісінің қожайыны Бақытбек Нұрманов қамауға алынды. Ол осыдан бір апта бұрын "адам ұрлады" деген күдікке ілініп, үй қамақта отырған еді. 

Алмас Меңлібаев, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы прокурорының орынбасары:

Біздің «үй қамағын бұзу» туралы наразылығымыз толығымен қанағаттандырылып, күдіктінің бас шарасын өзгертіп, қамауға алынды. Ал екінші азаматқа қатысты - Мәдиев Мақсатқа іздеу жарияланды, оған да соттың қаулысымен бас шарасын қамауға алу туралы қаулы қабылданды. Қазіргі таңда Мәдиевті іздестіру шаралары жүргізілуде.

Құзырлы органның ақпаратына сай, Нұрмановтың үстінен арыз түсірген азаматтардың саны қазір бес адамға жетті. Ішкі істер органына шағымданғандар қатарында Нұрзат Жандарбеков пен Мейірбек Шымырбай да бар. Бірі оператор, екіншісі қойма меңгеруші болып жұмыс істеген олар өздеріне қысым жасалғанын айтады. 

Мейірбек Шымырбай: 

Кабинетіне кіргізген кезде қорқытты мені. "Мен сені таныстарым арқылы түрмеге тығам",- деді. "Үйіңнің бәрін жоқ қылып жіберем»,- деді. Сөйтіп мен қорыққанымнан амалсыздан шықтым да, кредит алдырдым барып. Кредит алып бардым, басында 200 мың бердім. Сөйткен ем, оған қанағаттанбады. «Маған тағы 300 мың алып келесің, болмаса бұдан жаман қылам" деп. Сөйттім де, шығып тағы үш жүз мың алып келдім.

Еске салайық, кәсіпкердің үстінен алғаш болып жәбірленуші -Тахир Тахтаходжаев арызданған. Ол өзін 29 сәуірде белгісіз біреулер көлікке мінгізіп, таулы аудандағы саяжайда бірнеше күн қамап, қинағанын айтып шағымданған. Ол өзін ұрлаған кәсіпкердің "заңсыз иеленген 200 мың теңге шамасындағы қаражатты 2 млн теңге қылып қайтарасың" деп мәжбүрлеп, тілхат жаздырып алғанын да айтқан болатын. Жәбірленушінің сөзінше, ол қапысын тауып қашып құтылған. Айта кетейік, прокурорлар дерегінше, "қожайынның қыспағына іліктік" деп арызданған бес адамның біреуі - қыз бала. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ