Толассыз жауған нөсерден зардап шеккен атыраулықтарға пәтер берілмейді.
Бірақ комиссияның шешімінен соң қаржылай көмек көрсетіледі. Атырау облысының
әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов осыны мәлімдеді.
Бақтықожа Ізмұхамбетов, Атырау облысының әкімі:
Кейбір адамдар «үй қашан беріледі» деп жүгіріп келді, пәтер бермейміз.
Бірден ашығын айтамын. Пәтерлер берілмейді. Оған ешқандай қажеттілік жоқ.
Адамдар өз үйлерін өздері жөндеп алу үшін шаралар алынады. Бұл -табиғат залалы.
Сондықтан тұрғындарды қолдау үшін біз материалдық шығынын есептеуіміз керек.
Комиссия тексереді. Сараптамадан кейін шамамыз келгенше қаржыны бөлеміз, сол
қаржыға үйлерін жөндеу үшін.
Бірақ 2 тәулік бойы суда тұрған кейбір ескі үйлердің қабырғалары
құлап жатыр. Мына үйдің иесі - ІІІ топтағы мүгедек. Бүгін оның үстінен қабырға
құлап, аяғын сындырып алыпты. Туыстары емдеуге алып кеткен. Ал әйелі өкпе
дертіне шалдығып, бір жылдан бері диспансерде емделіп жатыр, - деді көршісі.
Жамал Ізімова:
Мына үй иесі 20-сына шығу керек туббольницадан. Қай
жерге жатады? Әкімге барды, арызын берді, келіп қарап жатқан жан жоқ. Кісі көп
дейді, кісі көп болғанымен, әркімнің жағдайы әртүрлі. Мысалы, жағдайы келетін
кісілер бар. Мына кісілердің жағдайы жоқ. Екеуі де ауру адамдар.
Мамырдың он бірінде басталып, бір тәулік құйған жауыннан Атырауда бұдан
өзге 252 үй зардап шеккен. 119 үйдің ішіне су алды. Бұл облыс әкімінің дерегі.
Алайда төтенше жағдайлар депаратаменті өкілі кешегі түсініктемесінде су басқан
үйлердің саны 42 деген.
Бүгін өңір басшысы табиғат апаты кезінде қол созудан
бас тартқан мекемелерді атады. Олардың ішінде «Атырау жылу энергия орталығы»
АҚ, «Атырау энерго» мекемесі, «Іскер» консорциумы, «Қазтрансгазаймақ»
мекемесінің Атыраудағы филиалы, «Қазақтелеком» және кейбір жеке компаниялар
бар. «Мұны компания басшыларының
ар-ожданына қалдырайық»,- деп қысқа қайырды әкім.
Базаркүл НӘДІРҚЫЗЫ