Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Соғыстан қашқандарға Қазақстанда босқын мәртебесі берілмейді

Соғыстан қашқандарға Қазақстанда босқын мәртебесі берілмейді

Соғыстан қашып, Қазақстанды паналап келген шетел азаматтары «босқын» мәртебесін ала алмайды. Сириядағы қақтығыстардан бас сауғалап, Қарағандыдағы туыстарына былтыр келген көп балалы ана, қазақ елінің азаматшасы Сандуғаш Раисова дәл осы себептен отбасынан айырылуы мүмкін. Құзыретті орындар заңға сәйкес оның сириялық күйеуі мен балаларын наурыз айында елдеріне қайтаруы тиіс. Алайда, ерлі-зайыптылар өздерін Қазақстанда қалдыруды сұрайды. 

Сандуғаш Раисова 1996 жылы сириялық Ясер Алезалдинмен отау құрып, сол жаққа қоныстанған. 5 баланың анасы, кішкентайы - Ияр - 4 жаста. Сириядағы соғыстан қашып, балалары үшін қауіптенген ол, былтыр тамызда Қарағанды облысындағы туыстарына пана іздеп келген. Отбасы мүшелеріне «босқын» мәртебесін алып, біржола елде қалғысы келеді. Алайда, Қазақстан заңы бойынша соғыстан қашқандарға ондай құқықтық мәртебе берілмейді екен. Сондықтан оның күйеуі мен балалары наурыздың 25-інде елдеріне ерікті, болмаса мәжбүрлі түрде қайтарылуы тиіс.

Сандуғаш Раисова, Қазақстан азаматы:

Сіздерге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ дейді. Күні бойы бомбалап жатқаны қауіпсіз бе? Әйтеуір, өз елім Қазақстан болған соң өзімді, балаларымды қорғайтын шығар деп келдім. Ақша сұрап, тамақ сұрап келгенім жоқ. Сұрап отырғаным балаларыма, жолдасыма құжаттар.

Сандуғаш Сирияның Хама елді мекенінде 20 жыл бойына визамен өмір сүріп келгенін айтады. Қазір бұл отбасы қашып шыққан жерде қақтығыс тоқтамаған. Сондықтан онда қайтып оралу қауіпті деп отыр.

Ясер Алезалдин, Сирия азаматы:

Мен террорист емеспін, әскери де емеспін. Қарапайым фермермін. Мен тек отбасымның амандығын сақтап қалғым келеді. «Босқын» мәртебесін берсе, болмаса осында қалуға болатын жағдай жасаса болды. Еңбек етіп, бала-шағамды асыраймын. Біз бейбіт халықпыз.

Алайда, Қарағанды облыстық көші-қон полициясы «босқын» мәртебесі ұлты мен діні, нәсіліне қатысты қуғынға ұшырағандарға ғана берілетінін айтады. Сондықтан Ясер Алезалдин құзыретті мекемеден қоныстануға арналған ықтиярхат қана ала алады. Бірақ ол үшін қомақты қаражат қажет.

Жанна Ержанова, Қарағанды облыстық көші-қон полициясының бөлім бастығы:

Қақтығыстар жүріп жатқандықтан, қауіпті деп қашып келгендерге босқын мәртебесі берілмейді. Яғни олар қандай бір қуғын-сүргінге ұшыраған жоқ. Визасының уақыты біткен соң еліне қайтуы тиіс.

Алмагүл Раисова, Сандуғаш Раисованың әпкесі:

Вид на жительствоның өзін бере алады, бірақ шотында 2 миллионнан астам ақша болуы керек екен. Қазақстан заңы солай. Бірақ ол кісіде ондай ақша жоқ.

Ясер Алезалдин өзі мен балаларын Қазақстанда қалдыруды сұрап аудандық сотқа шағымданғанымен, арызы қанағатандырылмай, кері қайтарылған. Енді отбасы облыстық, тіпті Жоғарғы сотқа да шағымдануға бел буып отыр. Бір қуантарлығы, сот аяқталмайынша, заң бойынша Сандуғаштың отбасы елден қуылмайды. Бірақ бұл процесстердің қанша ұзаққа созылары белгісіз.

Айжан ҚУАШ