$498.55 €524.28 ₽4.75
×

Мәжілісмен Алдан Смайыл: Өндірістіктік жарақаттан мерт болған жұмыскердің отбасына кәсіпорындар жәрдемақы төлеуі тиіс

AstanaTV
29.05.2015ж. 20:00
1159
Мәжілісмен Алдан Смайыл: Өндірістіктік жарақаттан мерт болған жұмыскердің отбасына кәсіпорындар жәрдемақы төлеуі тиіс

Өндірістіктік жарақаттан мерт болған жұмыскердің отбасына кәсіпорындар жәрдемақы төлеуі тиіс. Осындай норма еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау туралы заңнамаға енгізілуі керек. Бүгін Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында депутат Алдан Смайыл осындай пікірін білдірді.

Алдан Смайыл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Оның артында қалған әйел мен баланың өзін-өзі асырайтын ешқандай мүмкіндігі жоқ. Әйел ауру, айталық, бала жас. Осындай жағдайда, егер кәсіпорынның жаңағы азаматтың өліміне тікелей кінәлі екені айқындалса, біз неге заң бойынша сол кәсіпорынға, анау бала кәмілетке толмайынша, жәрдемақы төлетпейміз. Көптеген семьялар сол апаттың артынан далада қалып отыр. Кәсіпорын бір мезеттік 100 мың, елу мың, әрі кетсе, бес жүз мың теңге бере салады. Сонымен бітті. Шын мәнісінде, әділдік сонда орнайды ғой.

Депутаттың пікірімен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғандықов та келісіп отыр. Айтуынша, кәсіпорындарға еңбек жағдайының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жәрдемақы беріп отырғаннан гөрі, бір мезеттік өтемақы төлей салу әлдеқайда тиімді. Мәселен, Ұлттық банктің 2015 жылғы 1 наурызындағы дерегінше, жұмыс берушілер зиянды орындарда қызмет етіп жүрген азаматтардың кәсіптік зейнетақы жарналарына 32,6 миллиард теңге аударған.

Дәулет Арғандықов, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі:

Жұмыс берушілер еңбек жағдайын жақсартқанның орнына, өндірісте зардап шеккендерге өтемақы төлей салуды жөн көріп отыр. Кәсіпорындар бұндай тәсілден мүлдем арылулары қажет. Елімізде 388 мың адам қолайсыз жағдайда қызмет етеді. Олардың бәрі түрлі  материалдық көмек алуда. Бұл экономикалық шығындарға әкеліп отыр.

Ал мәжіліс депутаты Асхат Бекеновтың айтуынша, қызметтегі жазатайым оқиғалардың 40 пайызы құрылыс және тау-кен металлургиялық салаларда. Мәселен, «Арселор Миттал» компаниясы кәсіпорындарында 2013 жылы 20 қайғылы оқиға тіркелген. «Алайда компания бұл оқиғаларды тұрмыстық жарақат санатына өткізіп, бұл фактілерді жасырды», - дейді депутат.  

Жұрағат БАМАН