Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қарағандылық бір жарым мың кеншінің жалақысы қысқаратын болды

AstanaTV
05.06.2015ж. 20:00
1448
Қарағандылық бір жарым мың кеншінің жалақысы қысқаратын болды

Қарағандылық кеншілердің жалақысы қысқаратын болды. «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының басшылығы, шахталардың бетінде еңбек ететін 1 жарым мың адамның әр жұмыс аптасын 1 күнге қысқартатынын ескерткен. Яғни кеншілер ай сайын 5 күндік жалақысынан қағылмақ. Бұл - Митталдың кезекті ақша үнемдеу тәсілі, - дейді «Қорғау» кеншілер кәсіподақ ұйымының төрағасы Марат Миргаязов.

Компания басшылығы аптаның бір күнін ақысыз демалыс деп жарияламақшы. Демек кеншілер аптасында 4 күн жұмыс істейді. Кәсіподақ ұйымына шахтерлардан алғашқы шағымдар да түсіп үлгерген. Шахтада көмір қазбаса да, жөндеу, бақылау жұмыстарын атқаратын 1 жарым мың адам жалақының азаюына наразы. Ал «Арселор Миттал Теміртау» өз әрекетін металл мен коксқа сұраныстың төмендеуімен түсіндірген. Жалақыны үнемдеп, өндірістік шығынды азайтпақ. 

Марат Миргаязов, «Қорғау» кеншілер кәсіподақ ұйымының төрағасы:

Кеншілер 4 апта жұмыс істеп, бір күн ақысыз демалыс алады. Бұл ұсыныс болғандықтан, адамдар өз еріктерімен келіссе ғана, қол қоюы тиіс. Бірақ компания тарапынан қысым жасалуы да әбден мүмкін. Сондықтан кәсіподақ ұйымы тарапынан жағдайды қадағалап, кеншілер құқығын қорғаймыз.

«Қорғау» кәсіподақ ұйымы Парламенттен мүгедек шахтерларға өтемақы төлеу мәселесін шешуді сұрап, хат дайындап жатыр. Марат Миргаязовтың айтуынша, кәсіподақ көмір қазып жүріп жарақаттанған жұмыскерлердің барлығына жұмыс берушілердің өтемақы төлеуін сұрайды. Өйткені, биыл сәуір айында міндетті сақтандыру туралы заңға енгізілген өзгерістерге орай, мүгедек кеншілерге бұрынғы жұмыс берушілері зейнетке шыққан соң өтемақы төлемейтін болған. «Арселор Миттал Теміртау»  осы құжатты пайдаланып, 63-тен асқан бұрынғы шахтерларға мамырдың онынан бастап ақша төлемейміз деп, бұйрық шығарған еді. Ол құжат биылдан бастап зейнетке шыққандарға ғана қатысты. Ал, бұған дейін зейнетке шығып үлгергендер өтемақыларын бұрынғыдай ала береді. 

Марат Миргаязов, «Қорғау» кеншілер кәсіподақ ұйымының төрағасы:

Қазіргі мүгедек кеншілердің бұрынғылардан қандай айырмашылығы бар? Олар 63-ке келгенде ауруларынан жазылып кетпейді ғой. Сондықтан Парламенттен олардың құқығын теңестіруді, яғни заңды өзгертуді сұраймыз.

Айжан ҚУАШ