$488.91 €532.62 ₽5
×

Қазақстанға Украинадан жүк тасымалдаушы 129 жүк көлігі ұзартылған транзиттік бағытпен жүріп өтті

AstanaTV
16.02.2016ж. 20:00
1951
Қазақстанға Украинадан жүк тасымалдаушы 129 жүк көлігі ұзартылған транзиттік бағытпен жүріп өтті

Бүгінге дейін Қазақстанға Украинадан жүк тасымалдаушы 129 жүк көлігі кеденшілердің жол бойы қарауылдауымен ұзартылған транзиттік бағыт арқылы жүріп өтті. Бұл жөнінде «Астана» телеарнасына Атамекен ҰКП өкілдері хабарлады.

Мәліметке қарағанда, олардың басым бөлігі - Украинаның тасымалдаушы компанияларына қарасты көліктер. Яғни тауар тиелген жүк көлігі алдымен Беларусьқа келіп, сонан соң барып, Ресей аумағы арқылы өтуде. Украина мен Белоруссия шекарасында 6 өткізу бекеті жұмыс істеп тұр. Ал Беларусь-Ресей шекарасында 1 бекет ашылған. Тиісінше Ресей мен Қазақстан шекарасында 2 бекет іске қосылған, оның бірі жүк көліктері үшін құрылған өткізу бекеті болса, екіншісі темір жол тасымалы құралдары үшін.

Дана Жүнісова, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы:

Темір жол көліктерімен тасымалданатын жүк көлемі айтарлықтай ауқымды болғандықтан, қазақ-ресей шекарасынан тағы да қосымша өткізу бекетін ашу жоспары бар. Ал автокөлікпен тасымалданатын жүкке келсек, оларды Белоруссия шекарасынан өткен соң ресейлік кеденшілер жол бойы қарауылдап, Қазақстан шекарасына дейін шығарып салады.

Еске салайық, Ресей 1 қаңтардан бастап өз шекарасы арқылы Украинадан Қазақстанға тікелей жүк тасымалына тиым салған. Ресми Киев Еуроодақпен еркін сауда-саттық жүргізу келісімін мақұлдаған соң, Ресей осындай қадамға барды. Украинадан шыққан жүк көліктері тек Белоруссия арқылы ғана Ресей шекарасынан өтуге міндеттелді.

Базаргүл ОТЫНШИЕВА