Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Төлешов ісіне қатысты тағы бір сот отырысы басталды

AstanaTV
13.07.2017ж. 20:00
4170
Төлешов ісіне қатысты тағы бір сот отырысы басталды

Шымкентте атышулы Төлешов ісіне қатысты тағы бір сот отырысы басталды. Лаңкестік төңкеріс жасамақ болды деген айыппен 21 жылға сотталған экс-кәсіпкер Тоқтар Төлешовке бұл жолы тың айыптар тағылып отыр. Айыптау актісіне сай ол "қарамағындағы адамдармен және салық органы қызметкерлерімен ымыраласа отырып, мемлекетке миллиардтаған теңге шығын келтірген". "Табысын жасырумен қатар, ірі көлемдегі салықтар мен міндетті төлемдерден жалтарған",- деді прокурор Жасұлан Әділбайұлы. Мемлекеттік айыптаушы келтірген дәйектерге сүйенсек, «Шымкент сыра» серіктестігін басқару кезінде Тоқтар Төлешов  компания есеп-шотынан 4 млрд теңгеден астам қаржы алған. Және оны үш жыл бойы қайтармаған.

Жасұлан Әділбайұлы, прокурор:

Соның салдарынан сыра зауытында қаржылық қиындықтар туындап, салықтар уақытылы төленбеген. Мұны Төлешов білген. Осы қаржының орнын толтыру үшін бас есепші Светлана Лукинамен өзара сөз байласады. Бірнеше адам өз рольдерін бөліп алып, шыққан өнім көлемін азайтып көрсетіп, салықтан жалтарып отырған. 2011 жылдың 1-ші қаңтары мен 2015 жылдың 31-ші желтоқсаны аралығында мемлекетке 1 млрд 271 млн теңге түспей қалған. 

Ұйымдасқан топ декларация мен бухгалтерлік есепті де бұрмалап көрсетіпті. Корпоративті салық пен табыс салығы да айтарлықтай кемітіліп отырған. Басты фигурант Тоқтар Төлешовтен өзге тағы 8 адам осы іске қатысы бар деп айыпталып, сот алдында жауап беріп жатыр. Олардың төртеуі - мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері.