Негізгі / Жаңалықтар / Атырауда ағын суға мемлекеттен берілетін субсидия 85 пайызға дейін артпақ

Атырауда ағын суға мемлекеттен берілетін субсидия 85 пайызға дейін артпақ

Атыраулық фермерлер үшін жағымды жаңалық. Келер жылдан бастап егін суаруға бөлінетін субсидия мөлшері 85 пайызға дейін көтеріледі. Өңір басшылары мен ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы келісім нәтижесінде осындай мәміле жасалды. Бұл хабарды естіп қуанған жергілікті шаруалар егістік көлемін арттыруға әзір.

Жердің жайын жақсы білетін фермер Енисей Юн Атырау өңірінде 20 жылдан бері егін өсіріп келеді. Биыл 250 гектарға көкөніс пен бақша дақылдарын егіпті. Дихан бір маусымның өзінде суға 10 млн теңге жұмсайды. Мемлекет беретін сома да сол мөлшерде болмақ.

Қиындықты сезініп жүрміз. Дәл көктемгі жұмыстармен қабат ағын суға 50% субсидия алу үшін, алғашқы айда суға толық сомасын төлейміз. Қаржыдан қысыламыз. Мәселен, менде 1 айға  4 млн кетті.

Атырау облысында басқа өңірлермен салыстырғанда суармалы судың текше метрінің құны жоғары. Мемлекет соның 50 пайызын береді. Енді бұл жәрдем қаржы 85 пайызға дейін көтерілмек .

Серікжан Ерментаев, Атырау облыстық әкімдігі аймақтық коммуникациялар қызметінің жетекшісі:

Суға берілетін субсидия көлемінің ставкасын 85 пайызға дейін ұлғайту өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекет беріп отырған үлкен демеу. Күрделі климаттық жағдайларын ескерсек, Атырау облысы үшін судың текше метрі тым қымбат.

Шаруалар мемлекет беретін демеу қаржының көлемі ұлғайса, келер жылдан бастап егістік алқаптың аумағын арттыруға әзірміз деп отыр.

Енисей Юн, фермер:

Бұл жаңалықты ести сала, картопты алқапты ұлғайтамын деп шештім. Өйткені оған сұраныс көп. Оның үстіне көкөніс құны айтарлықтай төмендеп кетеді. Картоп 110 теңге тұрса, өзгелері 20 пайызға арзандайды.

Биыл Атырау аймағында  8,5 мың гектарға егін егілген. Оның 2,5 мыңдайы көкөніс, 1 мың га бақша дақылы, 5 мың гектарға картоп пен мал азығының дәні себіліпті. Жергілікті бюджеттен егін шаруашылығын 4 бағдарлама бойынша субсидиялауға 208 млн теңге бөлінген. Қазір бұл салада 400-ден астам шаруа қожалығы мен 4 мыңдай адам айналысады.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ