Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Өңірлерге жұмыс сапарымен барған депутаттар жол құрылысын бақылап, кәсіпкерлерді қабылдады

AstanaTV
13.07.2017ж. 20:00
2900
Өңірлерге жұмыс сапарымен барған депутаттар жол құрылысын бақылап, кәсіпкерлерді қабылдады

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан жолдардың сапасы мәжілісмендердің бақылауында. Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барған депутаттар «Ақтөбе-Орск» бағытындағы айналма жолдың құрылысымен танысты.

Ұзындығы 8 шақырымдық 4 жолақты күрежол құрылысына 250 жұмысшы мен 50 техника тартылған. Жобаның жалпы құны 3 миллиард 200 миллон теңге. Қазір ортадағы көпір құрылысы аяқталуға жақын. Ол іске қосылса, жаңадан бой көтерген «Нұр Ақтөбе» шағын ауданы мен Қарғалы ауылына көлік қатынасы жақсарады. Құрылысты келесі жылы аяқтау жоспарланған. Мәжіліс депутаттары мемлекеттік бағдарлама арқылы салынып жатқан жолдардың сапасына ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді.

Асылбек Смағұлов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Жолдың сапасы бізде бақыланып отыр жан-жақтан. Біз осы келіп отырғанымыздың өзі бақылау осы жерге. Осы жерге келіп,  біз осы жолдардың қалай салынып жатқанын, қандай сапасы бар, уақытында үлгеріп жатыр ма, үлгеріп жатқан жоқ па?

Ал Қарағанды облысына барған депутаттар кәсіпкерлердің мұң-мұқтажын тыңдады. Аймақ шаруалары үкіметтен бұрынғы несие шарттарын қайтаруды сұрайды. Қарқаралыдағы бизнес иелері осындай өтініш жасады. Қоғамдық қабылдауға келген шаруалардың айтуынша, несиелердің пайыздық үстемесі едәуір артқан. Салдарынан мал өсіріп, егін егетін ауылдықтар бизнесін кеңейте алмай отыр. Сондай-ақ ауыз су проблемасы да өткір күйде. Кәріз және су жүйелерінің толық тартылмауы қиындық туындатады. Спорт кешенін салу мәселесі де 5 жылдан бері шешілмей келеді.

Нұрлан Дулатбеков, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Облыстың әкімімен кездесуімізде келесі жылы үлкен спорт кешенін көтеретіндігі туралы уәдесін берді. Халықтың да ойы осы. Біз оны қадағалап отыратын болып шештік.