Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Жамбыл облысының 6 ауылында бұрын-соңды болмаған балет би үйірмесі жұмыс істейді

AstanaTV
24.03.2017ж. 20:00
8658
Жамбыл облысының 6 ауылында бұрын-соңды болмаған балет би үйірмесі жұмыс істейді

Жамбыл облысы Айша бибі ауылында бұрын-соңды болмаған балет би үйірмесі жұмыс істейді. Ауылды жерде ашылғанына 2 жыл болғанына қарамастан, ел алдында екі есеп беру концертін өткізіп үлгеріпті. Бастысы, би үйірмесі тегін. Мектеп оқушыларын мақамды биге баулуды «Балет пен ұлттық биді дамыту қоры» қолға алған. Жамбыл ауданының жеткіншектері қатысатын балет үйірмесінде біздің тілшіміз Данияр Әлімқұл да болып қайтты.

Осылай ырғалып, көп көбелектің топтанып ұшқан көрінісін көрсеткен бүлдіршіндер бар болғаны 6-10 жаста. Мұнда барлығы 5 би тобы бар. Әрқайсысында 14-15 баладан. Олар би туралы біраз нәрсені ұғып үлгеріпті.

Ұлболсын Жаңбырбай, 3-ші сынып оқушысы:

Менің биге қатысып жүргеніме 1 жыл болды. Өзім үшінші сыныпта оқимын. Бірінші басында келгенімде бәріміз жөнді игере алмадық. Кейін келіп, бәрін істей алдым. Ақша сұрамайды, келе бересің. Болашақта биші болғым келеді.

Мерейім Әбдікерім, 5-ші сынып оқушысы:

Би - бұл қайталанбас өнер. Бұл спорттың түріне де жатады. Осы бидің ашылғанына үлкен рахмет. Үйде уақытты тиімді пайдаланамыз. Денемізді шынықтырамыз. Бұл биде нәзік қимылдар және аяқ ұшында жүретін көптеген қимылдар көрсетіледі.

Балет - би өнерінің биік шыңы. Мақамы ерекше биді меңгеруге Мадина ұстаз көмектеседі. Жалғыз өзі 5 би тобына дәріс береді.  Жас маман жеткіншектерді биге баулу арқылы рухани ләззат алатынын айтады. 

Мадина Тұран, биші-хореограф:

Би - өзімнің сүйікті ісім. Би - көркем өнердің бірі. Би баланың дене бітімі сымбатты болуына, адамның сұлулыққа құштарлық сезімін оятады. Осы 2015 жылы Елбасымыздың тапсырмасымен еліміздің түкпір-түкпірінде «Балет және ұлттық биді қолдау қоры» ашылды. Қолдау қорына алғысым шексіз, осындай бөлмені балаларға айнамен, станокпен жабдықтап берді.

Сахналық өнер саналатын балеттің екінші бір мазмұны - «музыкалық образдар арқылы ашылатын спектакль» деп аталады. Ата-аналар балет үйірмесінің ашылғанына риза. Қазір балалары екінші жыл қатыранын есеп беру концертін беріп жүр.

Ғаниза Еркебаева, ата-ана:

Қалмай қатысып жатырмыз. Болашақта да қалдырмаймын деген үміттемін. Себебі бізде ауылдық жерлерде үйірме деген, балаларды қызықтыратын нәрсе деген өте аз. Сондықтан да осындай үйірмелердің көптеп ашылғаны біздер, ата-аналар, үшін өте жақсы, қуаныштымыз.

Би үйірмелерін ашу жобасына бастамашы болған - «Балет пен ұлттық биді дамыту қоры».  Бүгінде үйірмелер Тараз қаласында ғана емес, Жуалы, Жамбыл мен Сарысу аудандарында ашылған. Қор 6 хореографты жұмыспен қамтыған.

Кәмшат Күзербаева, балет және би өнерін дамыту және қолдау қоры жетекшісінің бас орынбасары:  

Бұл қордың құрылуының басты мақсаты - әлеуметтік білім беру, шығармашылық және қоғамдағы басты маңызды мәселерді шешуге үлес қосу. Қордың алдына қойған мақсаттары халық арасында балет өнерін таныту, ұлттық би өнерін жаңа қарқынмен дамуына үлес қосу. Өнер майталмандарына құрмет көрсету және елімізде жаңа балет жобаларын іске асыру үшін атқарылатын жұмыстарға ат салысу.

Жамбыл жеріндегі тегін би үйірмелеріне барлығы 340 бала қатысады. Айта кетейік, олардың көбі көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыдан шыққандар.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ