Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Қатты жел семейліктерді сергелдеңге салды

AstanaTV
15.06.2015ж. 20:00
1200
Қатты жел семейліктерді сергелдеңге салды

Жексенбілік дауыл семейліктерді сергелдеңге салды. Демалыс күнгі ауа-райының тосын мінезінен қала тұрғындары әлі ес жия алмай отыр. Секундына 30 метрге жеткен жел салдарынан 22 адам зардап шегіп, түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға түскен. Сексеннен астам ағаш тамырымен жұлынып, электр желілерін зақымдады. Кесірінен 50 мыңнан астам пәтер әлі күнге дейін жарықсыз отыр. Семейдегі ахуал туралы Берік Хасеновтың материалында.

Бұл демалыс күнгі Семей қаласындағы жағдай. Синоптиктар тек жауын-шашын болады деп болжаған. Алайда, қатты дауыл санаулы секундтарда қаланың астан-кестеңін шығарды. Жылдар бойғы ағаштарды тамырымен жұлып, алпыстан астам ғимараттың шатырын қиратты. Ұйтқыған жел үлкен бұтақтарды мамықтай ұшырып, талай тұрғын үйдің терезесін сындырған. Құлаған теректердің астында жиырмадан астам көлік қалып қойды. Дауылдың екпінді болғаны соншалық, тауар тұрған вагонды да аударып тастаған. Жауын суы суағарлардың істемеуінен күре жолдарды басып қалып, қалада қозғалыс іркілді.

Табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккен тұрғындар да аз емес. Соның бірі - Жаңатай Аманбаева. Айтуынша, үйіне жете бергенде, оны қатты жел көтеріп, жерге бір-ақ сұлатқан. Ұзақ уақыт бой жерден тұра алмай, жерде жатқан оны тек дауыл аяқталған соң ғана түрлі дене жарақаттармен жедел жәрдем аурухана алып кеткен. Жаңатай Аманбаева демалыс күнгі дауылды үреймен еске алады.

Асхат Қабдешов, Семей қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының травматологы:

Қазіргі уақытта алғашқы кешенді көмек көрсетілді. Сонымен қатар, дереу ота жасадық. Тобығын гипспен қаптадық. Науқастың жағдай қалыпты.

Қазір Семей тұрғындары келген шығынды есептеуге кірісті. Қатты желден нысандардың қирауы былай тұрсын, қала саудагерлері де шаш етектен шығынға батуда. Электр энергиясының жоқтығынан тоңазытқыштардағы азық-түлік түгелімен бұзылып кеткен.

Семейдің атқамінерлері тұрғындарды сабырға шақыруда. Арнайы комиссия дауылдан келген шығынды есептейтінін хабарлады. Зақымданған әр ғимаратты аралап, тасада қалдырмауға уәде берді. Билік бірінші кезекте электр жүйесін қалыпқа келтіруді бастады. Ауруханалар мен шағын аудандарға ауыз су жеткізуді қолға алды.

Димитрий Гариков, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Қазір қаладағы жағдай қайта қалпына келуде. Тиген барлық залалды жоюды жалғастыра береміз. Ең бірінші кезекте электр энергиясы желілеріндегі апаттарды қалыпқа келтіру керек. Қала бойынша 26-дан астам апат орны анықталған, бірнеше бағаналар құлаған. Барлығы жасалады, тек уақыт қажет.

Демалыс күнгі дауыл табиғаттан келген төтенше жағдай деп танылды. Оның салдарын жоюға барлық коммуналдық қызмет кіріскен.

Десек те, жергілікті әкімдік көмек күтіп отыра бермей, тұрғындарды өз аулаларын тазартуға кірісуге үндеді. Өйткені қаланың тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы барлығына көмектесуге қауқарсыз. Оған материалдық жағдайы шатқаяқтап тұрған бөлімнің шамасы жетпейді екен. Тұрғындар бұл дауыл жағдайы онсыз да мәз емес Семейді одан бетер тоздырып жіберді деген ойда.

Берік ХАСЕНОВ