$487.24 €529.34 ₽5.02
×

Сириялық 20 мыңнан аса босқын Түркиямен шекарада тұр

AstanaTV
16.06.2015ж. 20:00
1453
Сириялық 20 мыңнан аса босқын Түркиямен шекарада тұр

Сирияның солтүстігінде орналасқан Тел Абияд қаласында ислам атын жамылған террорлық ұйым мен күрдтерден құралған «халықты қорғау күші» арасындағы ұрыс өршіп тұр. Аталмыш шаһарды содырлардан азат ету үшін еріктілердің әскери тобы көмекке келген. Оқ пен оттың ортасында қалған қала тұрғындары жан сақтау үшін көрші Түркияға қарай ағылуда. Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, соңғы екі күн ішінде 20 мыңнан аса сириялық Түркияның Акчакале аймағына қарай қашқан. Сағат сайын саны артқан босқындар түрік шекарашыларының қарсылығына қарамастан, қарсы бетке өтіп жатыр. Ал қақпа алдында қалғандары түрік үкіметінен көмек сұрауда.

Қалың халықтың арасында жаңа босанған аналар мен еңкейген қариялар көп. Кейбірінің күш-қуаты сарқылып жолда қалған. Ал, аман-есен жеткендерінің өзі аптап ыстықта күн астында тұруға мәжбүр. Өйткені ресми Анкараның рұқсатын күткен әскерлер босқындарды бірнеше тәулік қақпаның алдында ұстаған.  

Эюп Фырат, Акчакале провинциясының губернаторы:

Бізден қолдан келгенше көмек берудеміз. Қауіпсіздік үшін бірден жібермей, құжаттарын тексеріп кіргізуіміз керек. Бұл жұмыс көп уақыт алатыны белгілі. Бейбіт халық бомбадан қорқып, амалсыздан үй-күйін тастады. Қаусыраған үлкен кісілер аштық пен шөлге шыдамай жатыр. Бергі бетке өткізуді өтініп, жалынып-жалпаюда. Тіпті қорыққандары соншалық, тыңдамай, өз беттерінше өтіп кетуде.

Сирияның Тел Абияд қаласы соңғы бір жылдан бері террорлық ұйымның қол астында. Тіпті, негізгі күші осында жиналғандықтан, орталығы саналады. Өңірді өз бақылауына қайтару үшін, жергілікті күрдтер мен еріктілер содырларды қыспаққа алған. Ислам мемлекеті жасақтары оңай берілмегендіктен, үшінші жақтан оларға қарсы АҚШ әуе күштері де соққы берді, - дейді сарапшылар.

Әлихан Хасаноғлы, Таяу-Шығыс бойынша саяси сарапшы:

Ислам атын жамылған террорлық ұйым күн өткен сайын қуатты армиясымен дес бермей барады. Сондықтан коалициялық елдердің ұшақтары төбеден атқылап, Тел Абияд қаласынан кейін шегіндіруге тырысты. Жергілікті тұрғындарға осы ұрыстан қашуға тура келді. Тіпті Түркияға қарай бас сауғалаған сириялықтардың артынан содырлар шекараға дейін қуып келіп, кейбір отбасыларды кепілдікке алып кеткен. Яғни қарулы топтардан қорықпастан, Түркияның дәл түбіне келіп-кеткенін журналистер камераға түсіріп алған.

Террорлық ұйым үшін Тел Абияд - маңызды нүкте. Олар Сирияның басқа аймақтарына оңай өту үшін, осы қаланы дәліз ретінде қолданбақ.

Әлихан Хасаноғлы, Таяу-Шығыс бойынша саяси сарапшы:

Бұл ұйымның содырлары жәй соғысып қана қоймай, түрлі тактикалық амалдар жасайды. Мәселен, Тел Абияд қаласынан қашып келген босқындар арасынан террористер де құрықталды. Өздерін бейбіт тұрғын ретінде танытып, шекарадан өтуге әрекеттенген. Бұған қоса, Түркия жақтан 1-2 күн ішінде 500-ге тарта адамның террорлық топ құрамында соғысу үшін аттанғаны айтылып жатыр.

Самат Сүлей, тілші:

Түркия Қарулы күштері Сирия бағытында қауіпсіздікті күшейту үшін, Шанлыурфа қаласының маңына жүздеген танкі мен мыңдаған әскерін шоғырландырды. Ал шекара асып, Анадолы елін паналаған Тел Абияд тұрғындары Түркиядағы мыңдаған сириялық босқындар қатарын толықтыра түсе ме деген қауіп бар.

Самат СҮЛЕЙ