Мүгедектердің сайлауға түсіп, саяси өмірге араласуларына жағдай жасалады. "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев "Кедергісіз келешек" партиялық жобасы қайта құрылып, өзектілігі артатын мәлімдеді.
Бұл туралы "Blind race astana" құрлықаралық веломарафонынан оралған зағип жандармен кездесуде айтылды. Олар жарымжан болғандарына қарамастан, Астанадан Парижге дейін 5 мың шақырымдық жолды еңсерген. Мәулен Әшімбаев мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру, білім беру, бизнесін қолдау, спортта, саяси өмірде қабілетін ашу үшін барлық жағдай жасалатынын айтты.
Мәулен Әшімбаев, "Нұр Отан" партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:
Үкіметтік емес ұйымдардың, бірқатар қайраткердің бастамасымен біз де мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өз қабілеттерін ашуға көмектесетін боламыз. Саясатқа, мәслихат, мәжіліс сайлауларына қатысуларына мүмкіндіктер ашылуы керек. Партияның орталық, аймақтық аппаратындағы жұмыстарға тартатын боламыз. Бұл жеке бағыт болады, онымен белсенді түрде айналысамыз деп шештік.
Веломарафонға қатысқан 17 адамнан тұратын топ 6 елдің 30 қаласында болған. Көзі көрмейтіндер мен нашар көретіндер екікісілік велосипедтің артқы жүргізушісі яғни, стокер міндетін атқарған. Олар күніне 100-200 шақырым жол жүрген. Зағип жандардың ендігі мақсаты - Жапонияда өтетін паралимпиадаға қатысу.
Кенжеғұл Сейітжан, «Спортта шекара жоқ» жобасын ұйымдастырушылардың бірі:
Біздің жүріп келе жатқан жолымыз, мақсаттарымыз дұрыс екенін, мақсатымызға тағы бір көз жеткіздік. 2016 жылы бастаған кезде өзіміз ғана өзімізге демеуші болдық 5-6 адам ғана. Қазір ел болып ,халық болып қолдарынан келгенше әркім демеу беріп, көмек беріп, жылы сөздері болсын, әлеуметтік желі болсын бізді жария етіп халыққа, қолдап отырды.
Меңдеева Г.