Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Алматы маңында оқу-жаттығу ұшағы құлады

AstanaTV
10.08.2017ж. 20:00
2831
Алматы маңында оқу-жаттығу ұшағы құлады

Алматы маңында тағы да ұшақ апаты. Екі бірдей адамның өмірін қиған оқу-жаттығу ұшағы әуеге енді көтерілгенде құлаған. Азаматтық авиация комитетінің мамандары осындай алдын ала болжам айтты. Олар ұшуға ауа райы ешқандай кедергі келтірмегенін мәлімдеді. Ал қайғылы оқиғаға куә болған тұрғындар сол кезде дауыл тұрғанын айтты. Олжас Нұржақып баяндайды. 

Олжас Нұржақып, тілші:

Алматы маңындағы Азем әуежайынан 2 шақырымға енді көтерілген оқу-жаттығу ұшағы таңғы сағат 9-53-те отқа оранды. Апаттан 2 адам көз жұмды. Бірі, ұшқыш-нұсқаушы, 40 жасар Украина азаматы болса, екіншісі - ұшқыштар династиясының ұрпағы. Күнделікті таңғы тәжірибеге көздері үйренген ауыл халқы, бүгінгі күн сәтсіз аяқталғанына сене алар емес.

Қайырғали Гузеев, куәгер:

Осы жердің барлығы шаң болып кетті, борап. Құйын болды, Былай қарап ем, самолет көтеріліп келе жатты. Мына сәтке келгенде, айналды да, төменге құлады. Ойбайлады, шырылдады, не істей аламын. Қолдан келер шама жоқ.

Бекжан Әділов, куәгер:

Былай бұрылған кезде, басы жанып бара жатты. Сосын желмен айналды да, осы жерге түсті.

Мына фотокадрді ұшқыш-нұсқаушы Сергей Курченко ай басында дәл осы Азаматтық авиация академиясына тиесілі "Технам-2002" ұшағының бортынан түсірген екен. Бірақ, араға апта салып, соңғы сапарға аттанды. Ал, ұшақ басқаруға ынталы, біліктілікке құштар 21 жасар Айдар болса, ұшқыштар династиясынан.  Әкесі де, атасы да - тәжірибелі ұшқыш. Арманы асқақ азаматты арна тілшілері біраз уақыт бұрын арнайы түсірген еді. Сол сәтте ұшақ тізгініне жиі отырғанды ұнататын курсант әуеде түрлі жағдай болатынын, ал одан шығуға кітап көмектесе алмайтынын айтқан болатын.

Айдар Әбішев, курсант (06.05.2017 жыл. "Біздің уақыт"бағдарламасы):

Екінші курстан кейін теорияны тәжірибеге шыңдауға ден қойдық. Шынын айтсам, көктегі сезімді сөзбен жеткізу қиын. Оның үстіне, әр қимылыңды ақылмен істейсің. Себебі әуедегі сәт - күнделікті теория емес.

Қазір министрлік тарапынан аталған оқиғаны тексеру комиссиясы құрылып, мамандар апат орнында тексеру жүргізуге кірісті. 

Жәнібек Тайжанов, ҚР ИДМ көлік оқиғалары мен қақтығыстарды тергеу департаментінің директоры:

Алдын ала мәлімет бойынша, ұшу кезінде әуе кемесі жоғары көтеріліп, құлап, соның салдарынан ұшақ түгелдей өртеніп кеткен. Апат кезінде ұшақ ішінде ұшқыш-инструктор мен курсант болды. Екеуі де қаза тапты. Оқиға салдарын анықтау үшін, министрлік арнайы комиссия тобын құрды.

Екі шаңырақты қан жұттырған қайғылы жайт қорытындысы, тексеру жұмыстары толықтай аяқталғаннан кейін, жарияланбақ. Әзірге академияға тиесілі барлық ұшақтардың ұшуы тоқтатылды.