Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Солтүстік Қазақстан кәсіпорындарының Қытай мен Ресей нарығына шығатындай әлеуеті бар-М.Әшімбаев

AstanaTV
16.10.2018ж. 20:00
3045
Солтүстік Қазақстан кәсіпорындарының Қытай мен Ресей нарығына шығатындай әлеуеті бар-М.Әшімбаев

Солтүстік Қазақстан кәсіпорындарының Қытай мен Ресей нарығына шығатындай әлеуеті бар. Тек қолдау қажет. Бүгін аймақтағы өндірісшілер жұмысымен танысқан «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары осылай,-деді. Мәулен Әшімбаев Президент тапсырмасы орындалмай жатса, оны ашық айтуды ұсынды.   

Аймақтағы 90 жылдық тарихы бар «Киров атындағы зауыт» бүгінде цифрлық технологиялар өндірісіне бет бұрған. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары зауыттың қарқынымен танысты. Кәсіпорын мұнай, теміржол және қорғаныс салаларын радиоқұрылғылармен қамтамасыз етіп келеді. Былтыр өндіріс ошағы 3D принтерлерін жасаудың ерекше тәсілін ойлап тапқан болатын. Қазір компьютерлік бағдарлауда қолданылатын баспа тақталарының өндірісін қолға алған.  

Мәди БЕКТЕНОВ, «КИРОВ АТЫНДАҒЫ ЗАУЫТ» АҚ МАРКЕТИНГ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Екі жыл бұрын зауыт өз қаражатына бесінші классты баспа тақталарын жасайтын арнайы қондырғыны сатып алды. Енді мемлекеттің көмегімен бұл қондырғыны жетілдіру жоспарда бар. Жаңа баспа тақталары компьютер мен телефондарды өндіруде қолданылатын болады. Яғни, қазіргі кезде кеңінен қолданылып жүрген құрылғылардың негізі отандық өнімнен жасалмақ.

Елбасы өз жолдауында халық тұтынатын тауарлардың ауқымды номенклатурасын игеріп, қарапайым заттар экономикасын дамыту керектігін атап кеткен болатын. Бұл бастама Қызылжардағы «Радуга» серіктестігінде іске асырылып келеді. Кәсіпорын бүгінде халық күнделікті тұтынатын шаруашылық заттары мен азық-түлік өндірісін қолға алған. Бұдан бөлек, компания мемлекеттік субсидияның арқасында полипропиленді қайта өңдеу бағытын дамытып отыр.  

Максим БОЛЬШЕДВОРОВ, «РАДУГА» ЖШС БӨЛІМ БАСШЫСЫ, БАСТАУЫШ ПАРТИЯ ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Қазір қарапайым тауарлар нарығында импорттық өнімдер басым. Біз «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының арқасында бірқатар қондырғыны алып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етіп келеміз. Тіпті, тауарды экспортқа да шығара бастадық. Мемлекеттік бағдарламаның мерзімін ұзарту экономиканы алға жетелейтіні сөзсіз.

Бүгінде Қазақстан кәсіпкерлеріне шекаралас қос ірі нарықты бағындыруға мүмкіндік бар. Елде өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдау үшін мемлекет басшысы 500 миллиард теңге бөлуді үкіметке міндеттеген еді. Ал, басымдығы бар жобаларға қолжетімді несие беру үшін Ұлттық банкке 600 миллиард теңге аударуды тапсырды. Тауар өндірушілер мемлекеттің шарапатын сезінуі тиіс,-дейді партия төрағасының бірінші орынбасары.   

Мәулен ӘШІМБАЕВ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: 

Егер де мемлекеттік органдар, олардың басшылары өңірлерде Елбасының тапсырмаларына қатысты жұмысты толықтай жүргізбей жатса, ол мәселелерді біз ашық көтеруіміз керек. Сондықтан, біздің партияның басты мақсаты-Елбасының айтқан барлық тапсырмалары мен мәселелерінің толықтай орындалуы. Енді Солтүстік Қазақстанда экспортқа тауар шығаратындай, Ресей мен Қытай нарығына бәсекеге қабілетті тауарларды шығаруға әлеуетті кәсіпорындардың бар екенін біз көріп отырмыз. Оларға мемлекеттік тарапынан қолдау керек, экспортын да қолдау керек.

Партияның облыстық активімен өткен жиында Президент тапсырмаларын сапалы әрі уақытылы орындау тетіктері пысықталды. «Нұр Отан» партиясының 22 жобасы да сөз болды. Оның сегізі Солтүстік Қазақстан облысында сәтті жүзеге асып жатыр. Мәселен, «Бизнестің геоақпараттық онлайн-сервисі» жобасының аясында Петропавл қаласы бас жоспарының цифрлық сызбасы жасалмақ. Бұл өз кезегінде бизнестің ілгері жылжуына оң ықпал етпек.  

А.Құрманкин