Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Жамбылдағы «Хантау» цемент зауыты қарызға белшеден батып отыр

AstanaTV
17.10.2018ж. 20:00
4019
Жамбылдағы «Хантау» цемент зауыты қарызға белшеден батып отыр

Жамбыл облысындағы «Хантау» цемент зауыты жарты жылдан бері жалақысыз жүрген жұмысшыларына 60 миллион теңгеден аса қарыз. Атқамінерлер Мойынқұм ауданындағы мемлекеттің мақтаулы жобасы банкрот болудың аз-ақ алдында тұр,-дейді. Мекеменің жалпы қарызы 500 миллионнан асып түскен. 5 млрд. теңгелік жобаның шаруасы неге шатқаяқтап тұр? Данияр Әлімқұл толықтырады.  

Жарнамасы жер жарып, «Үдемелі индустриалды-инновациялық жоба» бойынша Мойынқұмда бой көтерген кәсіпорынның қазіргі жағдайы мынау. Қоршау жабық, қарауыл да көрінбейді. Жұмыс тоқтап тұр. Жұмысшыларын ақысыз демалысқа жіберген. Айтуларынша, алды алты айдан бері айлық алмаған.  

Назира АБАЙБЕКОВА, «ХАНТАУ» ЦЕМЕНТ ЗАУЫТЫ ӘКІМШІЛІК ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:  

Екі ұлымның біреу студент, біреуі мектеп жасында. Күйеуім қайтыс болған. Күнкөріс мүлдем қиындап кетті. Шындап келгенде мектепке киім әпере алмай қиналдым.

Алмаз ҚОШАНОВ, «ХАНТАУ» ЦЕМЕНТ ЗАУЫТЫНЫҢ ИНЖЕНЕРІ: 

700 мың оңай ақша емес. Мемлекетке 10 мың қарыз болсаң есеп-шоттың бәрін жауып тастайды. Ал, бізге қарыз болса, ешкімнің жаны ашымайды.

Даниярбек АТАУЛЛАҰЛЫ, «ХАНТАУ» ЦЕМЕНТ ЗАУЫТЫ ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІН ҚОРҒАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Жан жаққа тентіреп кеттік. Акционерлік қоғам жоқ. Жабылып қалды. Кеңселері Алматыда еді ғой. Далада қалдық. Қазір жан-жақтан жиналып келіп тұрмыз.

Аудан атқамінерлері кәсіпорын «жолы болмаған жоба» екенін жасырмады. Әу баста әзер дегенде инвестор табылып, 2009 жылы құрылысы басталған зауыт тек 2015 жылы ғана іске қосылған. Тірлігі тұралап, тауары өтпей тұр. Ал, салық пен коммуналдық қызметке қарызы да қос бүйірден қыса түскен.  

Бақытжан ЕСЕЕВ, МОЙЫНҚҰМ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Жалпы бәрін қосқанда 505 млн теңге қарыз, жалақысы бар, электр энергиясы бар, салығы бар. Сол инвестициялық қордан алған қарыздарын қайтармаған, пайыздары өсе берген. Содан 2016 жылы жұмыс істейді де, жарыққа, жалақыға қарыз болады. Анау қарызды да, мынау қарызды да жаба алмайды. Астанада инвестициялық қор деген бар. Солар ақша берген. Олар қазір бөлек инвестор іздеп жатыр.

Ал, облыстық Еңбек инспекциясы басқармасы мәселе былтырдан басталғанын айтады. Өткен жылы өндіріс ошағынан 410 жұмысшының 114 млн теңге жалақысы өндірілген.     

Ернар ЕСІРКЕПОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ӘКІМДІГІ ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:  

Цемент зауыты маусым айынан бастап өз жұмысын тоқтатты. Сол мезеттен бері 275 жұмысшының алдындағы жалақы қарыздары 11 млн теңгені құрап отырған болатын. Бүгінгі күнге 178 жұмысшы алдында 58 млн теңге жалақы қарызы өтелді. Ендігі кезекте әкімшілік-басқарушы персонал дейді, оларға 60,2 млн теңге қалып отыр. Бұл жұмыстар қормен қаралып отыр, олар 185 адам.

300 жұмысшы төрт жыл бойы толық қуатымен тоқтаусыз жұмыс істеп, жылына 500 мың тоннадан астам өнім өндіретін өндірістің қаржылық құлдыруға қалай түскенін түсінбей дал.   

Данияр ӘЛІМҚҰЛ, ТІЛШІ:  

Аймақтық инспекция да, аудандық әкімдік те қордан қолдау күтеді. Ал, қордың өзі істі жүргізетін инвестор іздеп жатыр. Жұмысшылар болса, жалақыларын сұрап баруға қорқады. Өйткені, бұған дейін бас көтерген бұқараны тәртіп сақшылары қамаққа алмақ болған.

Д.Әлімқұл