$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қазақстандық зағиптар көзі нашар көретін азаматтарға арнайы баспахана ашуды сұрайды

AstanaTV
31.10.2018ж. 20:00
5599
Қазақстандық зағиптар көзі нашар көретін азаматтарға арнайы баспахана ашуды сұрайды

Елде көзі нашар көретін азаматтарға арнап кітап шығаратын бірде-бір баспахана жоқ. Қарағандыдағы арнайы кітапхана өкілдері бұл мәселені шешуді сұрайды. Олардың айтуынша, Брайль қарпіндегі әдебиеттер шетелден сатылып алынады. Бағасы удай қымбат ол оқулықтардың өзі жетіспейді. Қазіргі заман жазушылары мен классиктерінің туындылары тапшы. Ал, қазақша шығармалар тіпті аз.  

4 жыл бұрын Қарағандыдағы зағип жандар кітапханасындағы 130 мыңдай құнды кітап өртеніп кеткен. Тілсіз жаудан ғылыми әдебиет пен классика, аудиокітаптардың түгі қалмапты. Бұл- ерекше оқырмандарды білім шырағынан айырған. Асқат Досмағанбетов құқықтық оқу орнына түсу үшін емтиханға дайындалып жүр. Алайда, кітап жетіспейді.

Асқат ДОСМАҒАНБЕТОВ, КІТАПХАНА ОҚЫРМАНЫ:  

Мен рельефті-нүктелі қаріпте оқимын. Саусақтарды, әсіресе басбармақты үйрету керек. Біз зағиптар осы саусағымызбен қаріптерді сезіну арқылы оқимыз.

Екатерина ӘБІШЕВА, КІТАПХАНАШЫ, БРАЙЕЛИСТ:  

Саусақ арқылы мәтін есте сақталады, жазылады, оқылады. Бұл тыңдаудан қарағанда анағұрлым жақсы.

Кітапханада жаңа тифлюақпараттық орталық жұмыс істейді. Мұнда оқырмандар компьютерлік сауаттарын ашып, ғаламторды меңгереді. Бұл білімдерін жетілдіріп, мамандық алуға мүмкіндік береді.  

Нұржан ҮСЕНОВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ЗАҒИПТАР МЕН КӨЗДЕРІ НАШАР КӨРЕТІН АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН КІТАПХАНА ЖЕТЕКШІСІ: 

Зағиптарға арнайы әдебиет шығаратын баспахана ашу керек. Барлығы саусақпен оқылатындай. Оқырмандарымыздың қолдарында кітаптары болуы тиіс. Оқып, ой өрісін кеңейту үшін бұл өте маңызды.

Зағиптар үшін кітап бұлыңғыр дүниедегі жарық сәуле секілді. Сондықтан, кітапхана қызметкерлері оларға түрлі дерек көздерін тауып беруге тырысады. Көбін өздері оқып береді. Кейбірін ғаламтордан Брайль қарпінде бастырылатын арнайы принтер арқылы шығарыпты. Алайда, бұл теңізге тамған тамшымен тең. Облыста осындай жалғыз кітапхана бар. Ресейден алынатын бір кітаптың ең арзаны 20 мың теңге көрінеді. Ал, мынандай принтерді көбейтейін десе, құрылғы бақандай 5 миллион теңге тұрады. Мұны мүгедектердің қалтасы көтермейді.

А. Қуаш