Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Шымкентте өз туғандарын өлтірген адам 15 жылға сотталды

AstanaTV
01.11.2018ж. 20:00
2705
Шымкентте өз туғандарын өлтірген адам 15 жылға сотталды

Шымкентте дүйім жұрттың жағасын ұстатқан аса ауыр қылмысқа бүгін нүкте қойылды. Өз анасы мен атасын пышақтап өлтірді деп айыпталған 24 жастағы жергілікті тұрғын 15 жылға бас бостандығынан айрылды. Алайда, сотталғанның туыстары тағылған айыппен келіспейді. Сот отырысынан оралған әріптесім Айзада Төребекқызы баяндайды  

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:  

Қылмыстық істі қараған судьяның дерегіне сүйенсек 24 жастағы сотталушы нағашы атасын 26 рет пышақтаған. Арашаға түскен анасын да аямапты. Оған көкірек тұсы мен арқасынан 16 рет пышақ сұққан.

Ызадан кісі өлтірген жігіт онысымен қоймай жан тапсырған анасының сөмкесімен 340 мың теңгесін алып, түн ішінде құмар ойындарын ойнауға барып қайтыпты. Тіпті, тергеушілерді жаңылыстыру мақсатында айғақтарды да жоюға әрекет жасаған көрінеді.  

Әбинұр ҚАРАБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ АУДАНАРАЛЫҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:  

Өзіне қатысты, өз семьясына қатысты қарақшылық шабуыл жасалған деп имитациялау жасайды. Өзіне пышақпен жеңіл дене жарақатын салады. Бөлмелерінде киімдерді шашып тастайды. Одан кейін қан пышақтарды өзі жуып, орнына қояды. Өзіне қол жұмсауға да барған, сондай әрекеттер.

Еске салайық, қанды қылмыс биыл 3-сәуір күні болған. Күдік сол күні -ақ ұсталған еді. Атасы немересінен 300 мың теңгеден астам қарызын қайтаруды сұраған. Алайда, сөзге құлақ аспағандықтан тәртіпке салмақ болып атасы желкесінен бір түйіп қалған. Немересі мұны көтере алмай ас бөлмеден асхана пышағын алып, пышақтап тастаған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ол өз қылмысын толық мойындағанмен, сот барысында сол кеште үйде болмадым деген уәж келтіріпті. Бірақ, судья мұның бәрі ойдан шығарылғаны дәлелденгеніне дәйек келтірді. Дегенмен, сотталған жігіттің туыстарының айтар өз уәжі бар.  

Тәңірберген ЖҰМАБЕКОВ, СОТТАЛҒАННЫҢ ТУЫСЫ:  

Тергеу дұрыс болмаған. Тергеу жүрмеген ешқандай. Анық тергелетін адамдар тергелмеген. Оны тергеушінің өзіне талай рет айттық. сенбейміз. Өйткені бала ол уақытта болмаған үйде. Ол азанғы сағат 6:30да келеді. Сөйтеді де ол өзінің бөлмесіне атам мен мамам ұрсады деп терезеден түсіп, үйіне жатып қалады. Ол бала 1:30-да тұрады. Сөйтеді дағы атасы мен мамасына барса, өліп жатқанын көреді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:  

Үкім әлі күшіне енген жоқ. Сотталғанның туыстары апелляциялық шағым түсірмек. Олар бұл істі жасаған нағыз қандықол қылмыскерлерді тауып, жазасын беруді талап етеміз деп отыр.

А.Төребекқызы