Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Қарағанды облысында екі бірдей отбасы «Арселор Миттал Теміртау» келтірген шығынды өндіре алмай жүр

AstanaTV
05.11.2018ж. 20:00
3279
Қарағанды облысында екі бірдей отбасы «Арселор Миттал Теміртау» келтірген шығынды өндіре алмай жүр

Митталмен соттасу. Қарағандылықтар «Арселор Миттал Теміртау» компаниясынан шығындарын өндіре алмай жүр. Көктемде компанияға тиесілі құбыр жарылып, екі отбасының үйін су басып қалған. Сөйтіп, баспанасы тұруға жарамай, жапа шеккен тұрғындар 7 айдан бері пәтер жалдауға мәжбүр. Сот неліктен созылып кетті? Айжан Қуаш біліп қайтты.  

Апатты баспананың жағдайы осы. Анастасия Цуприкова бұл үйде анасымен бірге тұрған. Ол да қожайын. Қазір ол 12 және 15 жастағы қыздарымен бірге пәтер жалдауға мәжбүр. 70 жастағы анасы да апатты үйден бас сауғалап кеткен. Айтуынша, бар мәселе «Арселор Миттал Теміртаудың» салғырттығында.  

Мына видеоны жапа шегуші түсіріп алған. Айтуынша, биыл наурыз айында болған оқиға. Еден суға толған. Үйден 100 метр қашықтағы құбыр ақпанның аяғында жарылған. Бірақ «Арселор Миттал Теміртау» баспанаға су кіргенше оған мән бермепті.  

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:  

«Арселор Миттал Теміртау өз құбыранан аққан суға құм сеуіп берген. Алайда, бұл баспананы аман алып қала алмады. Уақыт өте келе қабырғалары жарылып, төмен түсіп кеткен. Қазір бұл үйде тұру мүмкін емес».

Екі отбасы өздеріне келген материалдық және моральдық шығын үшін компаниядан 7 млн теңге талап етіп отыр. Алайда, алпауыт кәсіпорын 3 млн теңгемен құтылмақшы.  

Анастасия ЦУПРИКОВА, ЖАПА ШЕГУШІ: 

3 млн теңгеге екі пәтер алу мүмкін емес. Тым болмаса 3 бөлмелі бір пәтер де тимейді. Анам, екі баламмен мен жеке отбасымыз. Оның үстіне тәуелсіз сарапшы бізге келген материалдық шығынды, үйді, жиһаздарды бәрін 3 жарым млн теңгеге бағалады. Морольдық шығын көлемі де осындай. Мен компанияның аздаған өтемақысына келісіп, үй алу үшін қарызға кіргім келмейді.

«Арселор Миттал Теміртау» болса құбырлары жарылғанын мойындайды. Бірақ, су баспананы басып қалғанына күмәнмен қарайды. 

Алексей АГУРЕЕВ, «АРСЕЛОР МИТТАЛ ТЕМІРТАУ» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС БОЙЫНША КЕҢЕСШІСІ: 

Бұл үй саз жерде орналасқан. Айналасын қамыс басқан. Дала сулары да кіруі мүмкін. Біз балалар жапа шекпесін дегендіктен ғана мәселені шешуге тырысудамыз. Төтенше оқиға болғаны рас. Бірақ, одан қанша залал келгенін білмейміз.

Александр ОЖГО, АРЫЗДАНУШЫЛАРДЫҢ ЗАҢДЫ ӨКІЛІ, ЗАҢГЕР: 

Төтеншеліктер мен Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы дәл сол кезде ешқандай су тасқыны болмағанын растады. Яғни, үйге «Арселор Миттал Теміртауға» тиесілі құбырдан аққан су ғана кірген.

Даудың осылай ушығуына байланысты, көшпелі сот отырысы 16-шы қарашада оқиға орнында өтетін болды. Оған төтенше жағдайлар қызметінің өкілі қатыспақ. Әзірге істің немен аяқталары белгісіз.  

А. Қуаш