Металлургия зауытында болған апаттан 5 адам зардап шеккен. Бұл туралы бүгін «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының басшылығы мәлімдеді. Олар апатқа қатысты алдын ала болжамдарын да жариялады. Газ құбыры ауыр соққыдан жарылуы мүмкін. 10-шы қараша күні болған апат соңы зауытта бұрын-соңды болмаған алапат өртке ұласқан болатын. Айжан Қуаш Теміртауға барып, мән-жайды анықтады.
Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:
Апат болғалы екі күн өтсе де компания оқиға орнына бірде-бір журналисті кіргізбей отыр. Біздің түсіру тобымыз да кіре берістен ары өте алмады. Сондықтан, төтенше жағдайдың ауқымы жайлы әуесқой түсірілімдерден ғана біле алдық.
Бұл кадрлар ғаламторда төтенше жағдай бастала сала бірнеше минуттан соң пайда болды. Мұнда жарылған газ құбыры мен бүлінген металл қондырғы қалдықтары, лапылдаған оттың жалыны анық байқалады. «Арселор Миттал Теміртау» өкілдері «Төтенше жағдай құбырдың ауыр соққы алуынан болуы мүмкін»- деген болжам жасады.
Вадим БАСИН, « АРСЕЛОР МИТТАЛ ТЕМІРТАУ» АҚ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
Бұл гидродинамикалық соққы болған. Соның кесірінен көміртек, азот, тығыздалған газ - бутан, пропан құбырларын зақымдаған.
Апатты зардабын жоюға 10 теxника, 40 өрт сөндіруші жұмылдырылған. Олар отты 3 сағаттан соң әрең ауыздықтаған.
Арман АЛПЫСБАЕВ, ТЕМІРТАУ ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Жалын құбырларды жапқан соң ғана басылды. Сол кезде газ шығуын тоқтатты. Содан соң таңға дейін қызып кеткен металл құрылғыларды салқындаттық.
Дүмпудің күштілігі сонша, құбыр жан- жаққа шашырап ковертер цеxының қабырғасын бұзған. Аспалы көпір кранын құлатып, тепловозды зақымдаған. Жұмысшылардың ешқайсысы ауыр соққы алмаған. Ауысымнан шыққан соң үйге қайтқалы жатқан 5 жұмыскер жеңіл жарақаттар алған. Олар қазір үйлерінде.
Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:
Куәгерлер мен жара шеккендер журналистермен тілдесуден бас тартты. Компания басшылығы өндірістің тоқтауынан жалақы азаймайды,- деп сендірген. Ал, комиссия жұмысы 10 күнде аяқталады. Зауыт жұмысы 1 айдан соң ғана бұрынғы қалпына келуі мүмкін. Қазір зауыттың бірнеше цеxы тоқтап тұр. Оқиға орнында ведомствоаралық комиссия жұмыс істеп жатыр. Миттал басшылығы жарылған құбырда еш кінәрат болмағанын, оны пайдалануға мемлекеттік мекемелер рұқсат бергенін айтты.
А. Қуаш