«БТА» банктың бұрынғы басшысы Ержан Тәтішев «Шыны королі» Мұратхан Тоқмәдиді аңшылыққа өзі көндірген. Ал, банк басшысының сөзін жерге қалдырығысы келмеген Тоқмәди оны атып өлтіру ойын аяқ асты аңшылықта жүзеге асырады. Бұл туралы қашқын олигарх Мұхтар Әбілязовтың Таразда өтіп жатқан сотында мемлекеттік айыптаушы айтты. Прокурор қылмыстық іске қатысты куәгерлердің түсініктемесі толтырылған хаттаманы оқып берді.
Ілияс ЕСҚАЛИЕВ, ҚР БАС ПРОКУРАТУРАСЫ БІРІНШІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Тоқмади Әбілязовтың тапсырысымен банкир Ержан Тәтішевті өлтіреді. Бірақ, Тоқмәди мен Тәтішев бұған дейін жақын байланыста болмаған. Олар 2002 жылы танысады. Содан бері ортақ қызығушылығы-аңшылық арқылы байланыста болады. Қос тараптың күзетшілерін тергедік. Ержан Тәтішевтің қауіпсіздік қызметін басқарған куәгердің айтуынша, Мұратхан Тоқмәдиді Тәтішевтің өзі қоймай аңшылыққа шақырады. Ол қастандықты сол сәтте жүзеге асырған. Ал, банкирдің жұбайының айтуынша, олар бұған дейін тек бір концертке ғана барған.
Айта кетейік, Мұратхан Тоқмәди «БТА» банктің басшысы болған Ержан Тәтішевті Қордай ауданындағы аңшылық кезінде атып өлтіргенін 13 жылдан кейін мойындады. Ол тапсырыс үшін Мұхтар Әбілязовтан 4 млн. доллар алғанын айтқан. Сондықтан, сот отырысында Әбілязовтың әрекеті мен әккі серіктестерінің ісі жан-жақты қаралып жатыр. Сот үкімі тек қараша айының соңында шықпақ. Әзірге сот залына куәгерлер келмей, тек олардың жазбаша айтқандары оқылды.
Д. Әлімқұл