Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Астанада VIII Азаматтық форум өз жұмысын бастады

AstanaTV
27.11.2018ж. 20:00
3506
Астанада VIII Азаматтық форум өз жұмысын бастады

Еліміздегі үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың белсенділігін арттырып, оның атқарушы билікпен арасын барынша жақындастыру керек. Сонда ғана қоғамның көмекке мұқтаж топтарының дауысы шенділерге жетеді. Бұл туралы Астанада өтіп жақан VIII Азаматтық форумда айтылды. Қазір барлық деңгейдегі әкімдіктерге осындай ұйымдармен жұмыс істейтін мамандар тартылған. Қоғам белсенділерін толғандырып жүрген өзге де мәселелер Азаматтық форумда талқыланды.  

Шараға елдің түкпір-түкпірінен ғана емес, алыс-жақын шетелдерден барлығы мыңға жуық делегат жиналды. Бәрінің арқалап әкелген түйткілдері, бөлісер тәжірибелері бар. Мысалы, Мәскеудің «Патронаж» деп аталатын ұйымы өз елінде мүгедектерге қызмет көрсететін жандар үшін арнайы мектеп ашқан. Тіпті бұл мамандықтың маңыздылығын үкімет дейгейінде дәлелдеп, тиісті стандарттарды да қабылдатыпты. 

Алексей САБОНАЖ, «ПАТРОНАЖ» МӘСКЕУ ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ, РФ: 

Біздің стандартымыздың ерекшелігі-2008 жылға дейін мұндай мамандық мүлде болмаған. Біз бұл кәсіптің керек екендігін дәлелдеп, оларды дайындайтын мектептер де аштық. Сәйкесінше, қаншама адам еңбекпен қамтылды. Оларды оқыту орталықтарын құрып, бюджеттен тиісті қаржы да бөлгіздік. Осы жетістігімізді сіздермен бөлісуге келіп отырмыз.

Форум әдеттегідей баяндама мен отырыс емес, психологиялық тренинг түрінде өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, соңғы кездері әлемде кең етек алып келе жатқан жиынның осы түрі барынша пайдалы да тиімді көрінеді. 35 тақырып бойынша ой толғаған спикерлер өздерінің жеткен жетістіктері мен толғандырған мәселелерін еркін әңгіме ретінде ортаға салды.   

Еліміздегі қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың барлығының ортақ мәселесі-өз бастамаларын қаржыландыра алмауы. Олар түйткілдерін шешу үшін шенділерді жағалайды. Осы ретте жуырда ғана әрбір деңгейдегі әкімдіктерде бұқараның дәл осы топтарымен жұмыс істейтін өкілеттіліктер ашылыпты.  

Гамал ТҮЗЕЛБАЕВ, «ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТЫҚ АЛЬЯНСЫ» ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАР БІРЛЕСТІГІНІҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ: 

Ол өкілеттіктер үстіміздегі жылдың тамыз айынан бастап жұмыс істеп жатыр. Сол адамдарға біз семинар өткіземіз. Сол семинарда талқылаймыз. Қандай проблемалар бар, қандай проблемаларды шешуіміз керек. Ойлап отырмыз, маңызды инструмент болып табылады. Оны дамытуға біздің Альянс ат салысады.  

Ләззат ҚАЛТАЕВА, «ШЫРАҚ» МҮГЕДЕК ӘЙЕЛДЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:  

Біз ауыл-аймақтарға шыққанда шағын үкіметтік емес ұйымдардың проблемалары туралы көп естиміз. Оларды жергілікті билік сарапшы ретінде жобаларына қатыстырады. Алайда, солардың бастамаларын қолдай бермейді. Форумда осы мәселе заңдық деңгейде көтерілуі тиіс. Кез келген шағын қоғамдық ұйым өзінің сөзін бикікке өткізе алуы тиіс.

Екі күнге созылатын шара қорытынды бойынша 2018-2025 жылдарға арналған азаматтық қоғамның даму концепциясы қабылданбақ. «Бұл құжат билік пен қоғам арасын жақындастырып, заң қабылдап, бюджет ақшасын бөлгенде халықтың да мұң-мұқтажын ескеруге итермелеуі тиіс»-дейді жиналғандар.  

Г. Тасболатқызы