Негізгі / Жаңалықтар / Жамбылда бар байлығын ел игілігі үшін жұмсайтын ерекше адам тұрады

Жамбылда бар байлығын ел игілігі үшін жұмсайтын ерекше адам тұрады

Жамбыл облысындағы бір ғана шаруа қожалығы биыл Біріккен Араб әмірлігі мен Иран елдеріне 8 мың бас қой етін жіберіпті. Келесі жылы да ет экспортын еселеуді көздеп отыр. «Шәушен» қожалығының иесі Сайрамбай Дөненбаев жомарттығымен жерлестеріне танылған. Кәсіпкер 220 адамды жұмыспен қамтып отыр. Одан бөлек өзі тұратын ауылдың халқына әлеуметтік көмек ретінде жылына 50 миллион теңге қаржы бөлуді өзіне міндет етіп қойған.   

Сайрамбай Дөненбаев осыдан 22 жыл бұрын ата кәсіпті қолға алған. Бар-жоғы 20 жылқы, 20 ірі қара, 500 бас қоймен шаруа қожалығын ашыпты. Мемлекеттке масыл болудан қашып, қиындықтарға мойымай өз күшімен өрісін кеңейтеді. Соның арқасында бүгінде қой басын 52 мыңға, жылқыны 2 мың 200-ге жеткізіп отыр.  

Сайрамбай ДӨНЕНБАЕВ, «ШӘУШЕН» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:  

Атадан қалған кәсіп қой, бұл-қой шаруашылығы деген. Сол әке ақ таяғын берді. Ал, бұл шаруашылықты істеу деген қиын болды уағында. Бұған қатты бет бұрғаным өзім шопан болып қызмет жасағаннан кейін осы қойды мемлекетке таныту. Осы дүниенің бәрі қойдың арқасында салынған нысандар десем жалған айтпаймын.

Бүгінде республикаға малды асылдандырумен танылған қожалық, қой мен жылқы еттін экспортқа шығарады. Ерте көктемде Иран мен Біріккен Араб әмірлігі елдеріне еттің алғашқы партиясын жіберген. Жергілікті «Меркі ет» комбинатымен келісім-шартқа отырып, 8 мың бас қой еті шетелге шығарылыпты. Одан бөлек, Астанаға да ет өткізіп келеді.   

Сайрамбай ДӨНЕНБАЕВ, «ШӘУШЕН» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:  

Көктемде май айында басталды. Аяғы октябрьге дейін сойылды. Енді 5 мың бас бордақыға (откорм) қойып отырмыз қазір. Оны да осы бүгін ертең бастаймыз деп отырмыз. Сонда 12-13 мың бас жас төл экспортқа кетеді.

Қазір қожалық құрамында 200-ден астам адам бар. Жұмысшыларға жалақы еңбек өтіліне қарай беріледі деді. Ал, үздік шопандарға жылына 500-600 бас қой беру арқылы ынталандырып жүр. Ал, шопандардың балалары үшін Жарлысу аулынан 150 миллион теңгеге интернат пен 92 орындық балабақша салған. Бұл ата-аналардың алаңсыз жұмыс істеуі үшін жасалғанын жеткізді. 20 шопанның отбасы үшін жекешелендіру құқығымен 10 үй салып берген.     

Жандос АЙТЖАНОВ, «ШӘУШЕН» ШҚ ТЕХНИКА МЕН ЕГІСТІГІНЕ ЖАУАПТЫ БРИГАДИРІ:  

Қаладағы жоқ нәрселер ауылда бар міне. Шопан боп келдік. 12 жыл баққанда еңбегімізге міне үй берді. Енді машина беретіндерге машиналай беріп, жақсы беріп жатыр. Әркім өзінің еңбегіне қарай бағалап.

Алыста жүріп «Атымтай жомарт» атанған кәсіпкер «Ел үшін еңбек ет» деген өсиетті өнеге етеді. Сол үшін әлеуметтік көмек ретінде жылына 50 миллион теңге елдің игілігіне бөледі. Келісі жылы тағы 60 орындық балабақша мен спорт сарайын салуды да жоспарлап отыр. Бұл–«Жастар жылына» керемет тарту болмақ.  

Д. Әлімқұл