Семейде жаңа көз клиникасы ашылды. Енді шығыс жұрты күрделі ота жасатып, бес сағаттың ішінде жанарын қалпына келтіре алады. Әлеуметтік маңызы бар нысан 450 млн тенгеге салынған. Дәрігерлер алыс-жақын елдерден келетін науқастарды қосқанда жылына 3 мың операция жасауды жоспарлап отыр.
Зейнеткер Фуат Вильданов осыдан бірнеше күн бұрын жанары бұлдырып, аураханаға түскен. Сөйтсе, сол жақ көзі мүлдем көрмей қалыпты. Жедел жәрдем қызметі науқасты көз дәрігеріне жібереді. Зейнеткер мұндай ғажайып боларына өзі де сенбесе керек.
Фуат ВИЛЬДАНОВ, ЗЕЙНЕТКЕР:
«Кемпірім жаңадан клиника ашылды, соған барайық»-деді. 5 сағаттың ішінде дәрігерлер көзімнің көру қабілетін қалыпқа келтіріп берді. Таң қалдым. Бүгін жүріп жүрмін. Ал, 21-і күні қарашықты ауыстырады. Шынын айтсам, жағдайдың жақсарып жатқанынан бейхабар едім. Мұндай ауруханалар көбейсе, халыққа пайдасы да көп болар еді.
Айта кетейік, зейнеткерлерге ота медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бағдарламасы аясында тегін жасалады. Қазір мемлекеттік квота бойынша клиника мамандары ересектер мен балаларды да емдейді. Бұған дейін, шығыс жұртшылығы көру қабілетін жақсарту үшін, өзге қалаларға, тіпті шетелге ағылатын. Сондықтан, дәрігерлер сәтті жасалған операцияларды-алғашқы жеңісіміз деп біледі.
Зарина ҚИМАСОВА, КӨЗ МИКРОХИРУРГИЯ КЛИНИКАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Бүгінгі күнге дейін 35 адамның көзіне ота жасалды. Олар көзілдіріктерін тастап, өз сөздерімен айтсақ, өмірге жаңа көзбен қарау мүмкіндігіне ие болды. Бұрын мұндай операциялар Новосібір, Астана, Алматы, Өскемен қалаларында жасалатын. Енді қажеттің бәрі өзімізде бар. Тәуелсіздік мерекесінде туған қаламыздың тұрғындарына осындай тарту жасалғанына қуаныштымын.
Семейдегі көз микрохирургия клиникасы заманға сай құрал-жабдықтармен жарақталған. Қолдағы технологияның көмегімен еңбектеген баладан, еңкейген қарияға да толық диагностика жасауға мүмкіндік береді. Дәрігерлер жылына 3 мың ота жасауды жоспарлап отыр. Ал, күніне Семей, Павлодар және Ресейдің шекаралас өңірлерінен 100-ден астам пациент қабылдамақ.
Ә. Мұхитқызы