$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Жергілікті мәслихат депутаттығына үміткерлерден құжат қабылдау жалғасып жатыр

AstanaTV
17.02.2016ж. 20:00
1749
Жергілікті мәслихат депутаттығына үміткерлерден құжат қабылдау жалғасып жатыр

Алматыда қалалық мәслихат депутаттығына «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов үміткер ретінде тіркелуге құжат тапсырды. Ол «Нұр Отан» партиясының атынан бақ сынамақ. Бүгін ол Алмалы ауданында орналасқан №1 сайлау округіне келіп, үшінші үміткер ретінде құжаттарын өткізді. Ректордың пайымынша, Алматы - жастардың қаласы, сондықтан қалалық мәслихатта олардың өкілі болуы заңды.

Рахман Алшанов, Алматы қалалық мәслихатына «Нұр Отан» партиясы атынан үміткер:

Алматы - ғылымның қаласы. Сондықтан сайлаушылардың ішінде жастар көп. Солардың мүддесін қорғайтын, олардың ойларын айтатын депутат керек дегеннен кейін, келісім бердік.

Алматыда тағы бір кәсіпкер қалалық мәслихат депутаттығына үміткер ретінде ұсынылды. Көп жыл құрылыс саласында еңбек еткен Федор Константинов №4 округтік сайлау комиссиясына құжаттарын өткізді. Депутаттықтан үміткер азамат «Ақ жол» демократиялық партиясының атынан ұсынылып отыр.

Федор Константинов, Алматы қалалық мәслихатына «Ақ жол» партиясы атынан үміткер:

Бірінші кезекте туған қалам үшін еңбек етіп жүрген азаматтардың бірімін. Әсіресе, шаһарды көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына көңіл бөлу керек. Осы қалада тұратын азаматтарға қолайлы өмір болу үшін, жеке кәсіпкерлікпен айналысып, құрылыс саласында еңбек еттім. Енді өзімнің осы күнге дейін жинаған тәжірибемді депутат ретінде әрі қарай шыңдап көрмекпін.

Жалпы мегаполис бойынша бүгінгі күнге дейін мәслихат сайлауына үміткерлікке барлығы 157 адам құжат өткізіпті.  Оның 113-і өзін өзі ұсанғандар, 10-ы партияның атынан құжат тапсырған. Айта кетейік, кандидаттарды тіркеу 19 ақпанға дейін жалғасады. 

Айгүл ЕРМАХАН