$482.86 €533.17 ₽5.08
×

Астанада кейбір танымал кондитерлік цехтер заңсыз жұмыс істейді

AstanaTV
26.12.2018ж. 20:00
4263
Астанада кейбір танымал кондитерлік цехтер заңсыз жұмыс істейді

Елімізде ешбір рұқсат қағаздарынсыз тәтті-дәмділер пісіріп, оны саудалайтындар көбейген. Ондайлар «кәсібін» әлеуметтік желілер арқылы да жүргізеді. Ал, Астанада кейбір танымал кондитерлік цехтердің өзі заңсыз жұмыс істейді. Санитарлық талаптарға сай келмейтін фирмалар тізімін Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы жариялаған. Тақырыпты тілшіміз тарқатады.  

Данияр ҚАЙЫРТАЙ, ТІЛШІ: 

Әлеуметтік желіге кіріп, «торт» деп терсек-үйде жұмыс істейтін «кондитерлердің» ұзынсонар тізімі шығады. Әсіресе, қазір-жаңа жыл мерекесінің қарсаңында олардың дәурені жүріп тұр. Жұмыстары қауырт. Бірнеше күн бұрын тапсырыс қабылдайды. Ал, олар тәтті тағам жасағанда санитарлық талаптарды сақтай ма? Біріне хабарласып, біліп көрейік.

-Санитарный книжкаларыңыз бар ма?

- Санитарный? Не үшін?

- Алып, уланып қалмаймыз ба?

- Құдай сақтасын, осы уақытқа дейін алған адамдар уландық деп несін айтпаған. Егер, қаламасаңыз, басқа магазиндерден ала беріңіз. 

Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы да жаңа жылдық дастарханға торт сатып аларда абай болу керектігін айтып, тұрғындарға үндеу жариялады. Оның айтуынша, үйдегі «кондитерлер» түгілі, бірқатар кондитерлік цехтердің өзі санитарлық-эпидемиологиялық рұқсат қағаздарынсыз жұмыс істеп келеді. 

Сәдуақас БАЙҒАБЫЛОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Қазір Астанада оннан астам кондитерлік цех санитарлық қызметтің рұқсатынсыз жұмыс істеп жатыр. Оның қатарында «Пампушка», «Тәтті нан», «Айна нан», «Тәп-тәтті» және «Хэппи Кейк» фирмалары бар. Біз оларды қазір тексере алмаймыз. Қазақстанның Заңнамасына сәйкес шағын және орта бизнес ашылғанынан 3 жыл өткенше түрлі тексерістерден босатылады.

Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, осы жылы 172 кондитерлік өнім сыналған. Оның 13-нен ішек таяқшасы табылыпты. Ал, мораторийге байланысты тексерілмей жатқандары қаншама? Сөйтсе де, тұтынушылар тарапынан торт жасаушыларға әлі күнге дейін бірде-бір шағым түспеген. Заңсыз цехтерге қатысты іс қозғалмай жатқаны да сондықтан. Біз бас қаладағы танымал кондитерлік желілердің біріне бас сұғып көрген едік. Цехтеріне қатысты мін таға алмаймыз-маман емеспіз. Ал, мұндағы санитарлардың өзі бір ғана нормаға сай келмейтінін анықтапты. Дегенмен, санитарлық органға рұқсат қағазын алу жөнінде қайта өтініш жазыпты. 

Ерікжан ИБРАИМОВ, «ТӘП-ТӘТТІ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ: 

Бір-ақ норма бар сай келмегеніміз. Біздің орналасқан жеріміз «санитарный защитный зонаға» кірмегеннен кейін, яғни, 50-100 метр алыста болуымыз керек басқа зданиялардан. Сол талапқа сай келмегеніміз үшін рұқсат берілмеген еді.

Жаңа жылда тортты қайдан аласыз, ол өз еркіңіз. Ескерту жасаған мамандар әркім өз денсаулығына жауапты екенін айтады. 

И они уже сами несут ответсвенность за свое здоровье. 

Д. Қайыртай