$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Тұрғындар алтын құймаларды жаңа жылдық сыйлық ретінде ала бастады

AstanaTV
27.12.2018ж. 20:00
4952
Тұрғындар алтын құймаларды жаңа жылдық сыйлық ретінде ала бастады

Алматылықтар ақша айырбастау бекеттеріндегі шағын алтын құймаларды жаңа жылдық сыйлық ретінде сатып ала бастады. Айырбастардың құймалар сатуына қарашаның 30-нан бастап рұқсат етілген болатын. Қазақстандықтар бұл туралы біле ме? Алтын бағасы мен құймалар құны қандай? Олжас Нұржақып тақырыпты тарқатады.  

Олжас НҰРЖАҚЫП, ТІЛШІ: 

Ақша айырбастау бекеттеріндегі мынадай таблода бұрын тек валюта бағамдары көрсетілетін. Енді мұнда алтын құймаларының да бағамын көре аласыз. Бүгін міне 1 грамм металлдың құнын көрсетіп тұр. Яғни, 15 мыңға сатып алып, 15 400 теңгеге сата аласыз. Әзірге голд барлық айырбас бекеттерінде сатылып жатқан жоқ. Біз оны қаржы айырбастау қауымдастығына қарасты бекеттен таптық.

Мұндағы алтын саудасы 1 апта бұрын басталған. Осы аралықта 3 құйма сатылыпты. Екі адам оны жаңа жылдық сыйлық ретінде сатып алғанын айтса, үшіншісі мақсатын жарияламапты. Ал, біз сауал тастаған тұрғындардың көбі алтын құймалары сатылатынынан хабардар болғанымен, алып көрмепті.    

Естідім, бірақ көрген жоқпын. Ел бәрі үйреніп қалған «доллар», «еуро» сатып алуға. Алтынға үйренген жоқ әлі. Негізінде теңгенің құны өзгеріп тұр ғой. Сондықтан, алтын пайда болатын шығар.  

Кішкентай бір слитогын граммын білмеймін, не помню қанша дегенін, бірақ қолжетімді болады, сатып алуға болады деп айтты, оны естідім. Егер, ақшам болып жатса, әрине, сатып алар едім. Мүмкін ертең келешекте керек болады.

Интернеттен бір ай бұрын естідім. Жоқ, қызықтырмайды.

Ұлттық банктің мәліметінше, 50 ақша айырбастау бекеті алтын құймасын сатып алу үшін бас банкпен келісімге отырған. Онда сатылатын бағалы құймалардың салмағы 5 грамм мен 100 грамм аралығында. Бір граммы орта есеппен 15 мың теңге деп есептесек, құймалар құны 75 мың мен 1,5 млн теңге аралығында. Қаржы айырбастау қауымдастығының басшысы соңғы 3 күнде алтын 4 мың теңгеге қымбаттағанын айтады.   

Аршын ҒАЛЫМБАЕВ, ҚР ҚАРЖЫ АЙЫРБАСТАУ ОРЫНДАРЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Алтын құймалары да өзге валюталар іспетті. Әлсірейді, күшейеді. Алғаш 15200 теңгеден сатылған. Қазір сату 15 мың, сатып алу 15400 теңге мөлшерінде. Бұл бір граммы. Себебі, бізде бағалы металл граммен есептеледі емес пе. Жұма күні сатылымға шықты. 3 тұтынушымыздың екеуі сый ретінде алғандығын айтты. Жыл аяғындағы жұмыс қорытындысы, есебі сауданы сәл тежеп тұр деп ойлаймын. Сондықтан, жақсы нәтижені келер жылдан бастап күтіп отырмыз.

Олжас НҰРЖАҚЫП, ТІЛШІ: 

Әзірге, ақша айырбастау орындарында алтынның қай түріне сұраныс басым екендігі белгісіз. Бірақ, Ұлттық банк берген мәліметке сүйенсек, банктерде 10 граммдық құйманың 2 мыңнан астамы сатылған. Өткен жылдан бері екінші деңгейлі банктер 5 жарым мыңдай құйма сатқан екен. Бұл-204 келі алтын.

О. Нұржақып