Негізгі / Жаңалықтар / Алматыда темір жол вагоны аударылды

Алматыда темір жол вагоны аударылды

Бүгін Алматыда құтқару қызметі мен полиция аяқтан тік тұрды. Орталық көшелердің бірінде орналасқан жанармай құю бекетінің аумағына темір жол вагоны аударылып кеткен. Ол бензин және дизель сақтайтын цистерналардың үстіне келіп құлап, жарылыс, өрт тұтану қаупін тудырды. Мамандар апат аумағын қоршап, тығырықтан шығар жолды іздеп жатыр.  Тілшіміз Ришат Асқарбекұлы телефон арқылы байланыста. Ришат, қауіптің алдын алу үшін құтқарушылар жоспары қандай?

Ия, Оксана! Оқиға күндізгі сағат екіден он минут кеткенде болған. Содан бері 6 сағат уақыт өтті. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері вагондарды әлі орнынан қозғалтқан жоқ.  Департамент өкілінің айтуынша, ауыр темір жол құрылғысын орнынан жылжыту үшін арнайы іс-шаралар жоспары жасалған. Төтенше жағдай қызметкерлеріне сенсек, адамдарға еш қауіп төніп тұрған жоқ. Жанармай құю бекетіне жақын орналасқан тұрғын үйлерден 30-дан аса адам уақытша көшірілген. Әзірге олардың үйлеріне қайтуына рұқсат берілген жоқ.

Жеңісбек Бозбаев, Алматы қалалық ТЖД өкілі:

Жақын маңдағы адамдарды бірден қауіпсіз жерге көшірдік. Өрт тұтану қаупінің алдын алдық. Енді вагондарды көтеретін арнайы кранды күтіп отырмыз. Қазір олардың жолдан қалай шығып кеткендігін тексеру үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. 

Өрт тұтана қалса, оны ауыздықтауға 5 автокөлік дайын тұр. Бөкейханов көшесінде Райымбек даңығылынан бастап Рысқұлов даңғылына дейінгі аралығындағы көлік қозғалысы түстен бері тоқтатылған. Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жүк тиелген вагон инерциямен тізбектен үзіліп кетіп, алдындағы бос вагонды аударып түсірген. Оксана, бізге мәлім болған ақпараттар осындай.