Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Алматы облысында Ұлттық Ұлан сарбазы өзін атып өлтірді

AstanaTV
24.01.2019ж. 20:00
5279
Алматы облысында Ұлттық Ұлан сарбазы өзін атып өлтірді

Ұлттық Ұлан ұланынан айырылды. Түнгі қарауылға түскен сарбаз қолындағы қарумен басына оқ атып, тіл тартпай кетті. Айдың-күннің аманында аяқ асты өзіне қару кезеген 23 жасар жауынгердің мұндай қадамға баруына не себеп? Алматылық тілшіміз Олжас Нұржақып Ұзынағаштағы әскери бөлімге барып, оқиғаның мән-жайын анықтауға тырысты.  

Олжас НҰРЖАҚЫП, ТІЛШІ: 

Түн мезгілін шырты бұзған қаралы жағдай дәл осы 28237 әскери бөлімінде тіркеліп отыр. Ішкі қарауылға түскен Ұласбек Қожан түнгі бірлер шамасында қолындағы қаруымен өз-өзіне қол жұмсаған. Азаматтық борышын өтеп жүрген сарбаздың не себепті мұндай қадамға барғандығы әзірге белгісіз. Бірақ әскери бөлімде оның осы уақытқа дейін өзін оң жағынан ұстағандығын айтады.

Вячеслав ПАК, 28237 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ ТӘРБИЕ ІСІ БОЙЫНША БАСШЫСЫ, ПОДПОЛКОВНИК: 

Әскери борышынан бөлек қоғамдық жұмыстарға да белсене араласатын. КВН-де ойнады. Қатарластары оның жақсы қасиеттері көп екендігін айтады. Өмірде өте көңілді, мейірімді, бауырмал жігіт еді. Әрқашан әскери істерге белсене араласатын. Бірақ, не себепті мұндай қадамға барғаны белгісіз болып тұр.

Марқұм қызметтестерінің көңіл-күйлері жоқ, тіл қатуға құлықсыздық танытты. Қатардағы сарбаз Ұласбек былтырғы жылдың мамыр айында Ұзынағаштағы әскери бөлімге Астана қаласынан шақыртылған. Өзі Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы екені белгілі болды. Әскери борышын аяқтауға небәрі 4 ай уақыт қалғанда аяқ асты өзіне оқ атуын Ұлттық Ұлан қызметкерлері де ашып айта алмай отыр. Тек тергеу жұмыстарының басталғанын жеткізді.  

Данара БАЙМАҒАНБЕТОВА, ҰЛТТЫҚ ҰЛАННЫҢ «ОҢТҮСТІК» ӨҚ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Аталған дерек бойынша Алматы әскери тергеу басқармасында қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қызметтік тексеру тағайындалды. Қатардаға Қожанның өзін-өзі ату себептері қызметке қатысты емес.

Олжас НҰРЖАҚЫП, ТІЛШІ: 

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы марқұмның туыстарына, жақындарына көңіл айтатындықтарын жеткізді. Әскери бөлімде мұндай қайғылы жағдай бұрын-соңды болмаған көрінеді. Қаралы хабарды естіген Ұласбек Қожанның туыстары оның мүрдесін жер қойнына тапсыру үшін туған жеріне алып кеткен.

О. Нұржақып