Ал Қызылорда қаласында көшелер жөнделмей жатыр. Осылай деген Әл-Фараби ауданының тұрғындары қыстыгүні балаларының резеңке етікпен шалшық кешіп жүргенін айтты. Ал бұл маңға өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем көлігі жоламайтын көрінеді. Жұрт билікке шағымданғаннан нәтиже таппапты. Балшыққа батқан бұқараның мұң-мұқтажы мен мәселені шешу жолдарын тілшіміз біліп көрді.
Шұрық-тесік жолдар мен шалшық басқан көшелер. Шаһардағы Әл-Фараби ауданындағы 5 көшенің халі осындай. Жол нашар болғандықтан бұл маңайға маршруттық автобустар да жақындамайды. Жедел жәрдем де келмейді. Тұрғындар науқастытрасса бойына арқалап апарамыз деп отыр.
Әбдіразақ ЖҰМАБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Аурудын өзін алып барады ол жаққа, көшенің бойына, трассаға. Скорый келмейді бұл жаққа. Жеңіл машина, көрдің ғой, батып жатыр. Машинаның бәрін көшенің бойына қояды.
Ойық жолдың зардабын оқушылар да тартып жүр. Шәкірттер қыстың күні резеңке етікпен бірнеше айдан бері шалшық кешуге мәжбүр. Ата-ана балалардың денсаулығына алаңдайды. Егер жолды жөндемейтін болса, балғындарды мектепке жібермейміз деп отыр.
Гүлбаршын НҰРЖАУОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Сабақтан қалдыратын болсақ, ата-аналарға штраф салынады деген заң шықты. Соңда біз не істеуіміз керек мынандай жағдайда отырып? Енді осыған бір шара істемесе, енді жаппай біз балаларды сабаққа жібермейміз бүкіл ата-аналар келісіп отырмыз оған. Бізге біріншіден баланың деңсаулығы керек.
Жаңа ауданнның көшелері төрт жылдан бері осындай мүшкіл күйде. Көпшілік жол мәселесін талай рет көтеріп, жергілікті биліктен жөндеп беруді сұрадық дейді. Бірақ шенеуіктер қаланың қарқынды өсуіне байланысты жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асады деп отыр. Биыл қырық көшені жөнге келтіру жоспарда бар. Құрылыс жұмыстары көктемде басталмақ.
Берік СӘРМЕНБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Біздің Қызылорда қаласы жылдан-жылға үлкейіп, кеңнейіп бара жатыр. Қала әкімдігі тарапынан жоспары бар. Соған байланысты қазіргі уақытта 2019 жылға тиісті құжаттардың барлығы облыстық экономика басқармасынан өткізіліп, қазір қаражаттар күтіліп отыр. Биылға Әл-Фарабидан 10 көше, Саяхатқа да отыз көше жоспарлап отырмыз, оған да тиісті қаражат бөлінген.
Қала билігі соңғы 3 жылдың ішінде қызылорданың төрт жүзден астам көшесі жөнделгенін атап өтті. Бұл мақсатқа 9 миллиард теңге жұмсалыпты.
З.Санай