Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Билік партиясы жастар мен көп балалы жанұяларды қолдайды

AstanaTV
31.01.2019ж. 20:00
3846
Билік партиясы жастар мен көп балалы жанұяларды қолдайды

Астанада «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратының бастауыш партия ұйымы өкілдері жиналды. Белсенділер 20 жылдық мерейтой қарсаңында партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасын талқылады. Қазақстандықтардың әлеуметтік - экономикалық ахуалын жақсартуға бағытталған 10 басым бағытты таныстырды. Ал, жер-жердегі бастауыш ұйымдар 27-ші ақпанда өтетін съезд отырысына жастар мен көп балалы отбасыларға қолдауды күшейтуді ұсынбақшы.  

Бүгін Астанада жастарды жан-жақты қолдау әрбір қазақстандықты қолжетімді біліммен қамтамасыз ету, ұлт денсаулығын нығайту, бизнесті қолдау, ел экономикасын күшейте отырып халықтың әл- ауқатын жақсарту жолдары кеңінен талқыланды. Ондағы басты мақсат- азаматтардың жайлы тұрмыс кешуіне жағдай жасау.  

Евгений КОЧЕТОВ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАСТАМАЛАР ИНСТИТУТЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Біздің мақсатымыз - алдағы 10 жылда әрбір қазақстандықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Елбасы дәл осы өмір сапасын жақсартуды ерекше тапсырды. Партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасы жоспарды жүзеге асыруға негіз бола алатынына сенеміз. Әсіресе, әлеуметтік қамтамасыз ету саласында.

Орал қаласында жастардың тұрғын үй мәселесі күн тәртібінде тұр. Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның бастауыш партия ұйымына мүше 124 азаматтың біразы баспанасыз. Өнерпаздардың басым бөлігі жастар. Сондықтан белсенділер «Жастар жылында» шешілуі тиіс сұрақтардың ең маңыздысы осы,- дейді.    

Азамат НЫСАНБАЕВ «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ КОНСУЛЬТАНТЫ: 

«Жастар жылына» орай, бізде жастардың ең бірінші мәселесі қалалық жерге келгенде, ең бірінші мәселе - баспанамен қамтамасыз ету. Осы бағытта жеңілдетілген несие берілсе деген ұсыныстар түсіп жатыр бүгінгі таңда. Сонымен қатар, көп балалы аналарды қолдау, олардың жәрдемақысының көлемін ұлғайту, ешқандай таршылық көрмеуі үшін ұсыныстар түсіп жатыр.

Ал, қарағандылық кеншілер арасында партияға мүшелікке қосылғысы келетіндер көбейіпті. Биылдың өзінде 60 адам ұсыныс білдірген. Жұздызбек Қойшыбай осыдан 10 жыл бұрын Костенко шахтасында «Нұр Отанның» бастауыш партия ұйымын құруға ат салысқандардың бірі. Белсенді кенші биліктің біртұтас мемлекет ретінде даму бағдарламасы қызықтырғанын айтады.  

Жұлдызбек ҚОЙШЫБАЙ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ «КОСТЕНКО» АТЫНДАҒЫ ШАХТАНЫҢ УЧАСКЕ БАСТЫҒЫ: 

Партияның жалпы азаматқа жасаған бағдарламасы ол- тек кеншіге емес, жалпы Қазақстан азаматтарына жасаған бағдарламасы болып есептеледі. Яғни, әлеуметтік бағдарламалар, соңғы кезде істеліп жатқан жастарға арналған баспаналар. Әрбір кеншінің семьясы бар, жас баласы бар. Осындай негізгі мемлекеттің даму бағдарламалары ұнады.

Теріскейлік «Қызылжар су» компаниясындағы бастауыш партия ұйымы цифрландыру саясатын қолдайды. Кәсіпорын жаңа технологияларды енгізу арқылы қаладағы бүкіл стансаларын электрондық формақта көшіріген. Биылдан бастап судың тарифін 16 пайызға төмендетіп, қызметкерлерінің жалақысын 15 пайызға өсірді.  

Бауыржан ТӘЖИН, «ҚЫЗЫЛЖАР СУ» ЖШС БАСТАУЫШ ПАРТИЯ ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Бұл электрондық тақтаға қаладағы барлық насос стансалары қосылған. Бір нысан істен шықса, біз оны бірден монитордан көреміз. Алдағы уақытта шаһардағы барлық коммуналдық кәсіпорындар осы жүйеге қосылады. Нәтижесінде құрылысты жүргізгелі отырған бизнес өкілдерінің жұмысы жеңілдей түседі. Олар кез-келген жер учаскесін таңдап, сол аралықта орналасқан барлық құбыр мен сымдарды көре алады.

Өңірлердегі белсенділердің ұсыныстары 27-ші ақпанда Астанада өтетін партияның басты съезінде талқыланбақшы. «Жастар жылында» жастарды толғандыратын баспанамен қамту ақпараттық технологияларды жетілдіру, меңгеру сұрақтарына басымдық беріледі деп күтілуде. 

А. Қуаш