Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Республикалық «Ұлы дала» конкурсының жеңімпаздары анықталды

AstanaTV
01.02.2019ж. 20:00
4699
Республикалық «Ұлы дала» конкурсының жеңімпаздары анықталды

Бүгін «Нұр Отан» партиясы жас ақындар арасында ұйымдастырған «Ұлы дала» мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттады. Жүзден жүйрік шыққандарды Партия төрағасының бірінші орынбасары құттықтады. Бір ерекшелігі - байқауға өткен шығармалар қазыларға авторы көрсетілмей тапсырылды.  

Қаламын қару еткен ақын-жазушылар шабыттарын бәске тіккенді ұнатады. Жалындаған жырларын суытпай жарыққа шығарғысы келеді. Олар үшін қоржынды байқаудың бірі - «Ұлы дала» конкурсы болды. Шығармаларды қабылдау мерзімінің қысқалығына қарамастан 400-ден астам ақын-жазушылар еңбектерін бәйгеге тіккен. Олар бес бірдей аталым бойынша байқауға қатысты. 

Мәулен ӘШІМБАЕВ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: 

Жастарға тартымды болатын, жастарға түсінікті болатын, жастарға ұнайтын олардың арасында дұрыс құндылықтарды дәріптейтін, жақсы туынды, жақсы еңбектер керек. Осы себеппен біз жазушылар одағымен бірігіп, «Ұлы Дала» конкурсын жариялдық, осы конкурсты ұйымдастырдық. Осы конкурсты жариялаған күнен бастап 400-ге жуық жұмыс келіп түсті.

«Нұр Отан» партиясы бұл байқауға бастама болғанымен қазылыққа араласпады. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» демекші, бәйге шығармаларын зиялылардан құрылған комиссия анықтады. Әділ өтуі үшін Партия мүшелері келген шығармаларды тексеру кезінде автор есімдерін алып тастаған. 

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:  

Әр жанр бойынша көптеген шығармалар келді. 412 деген аз емес. Солардың ішінен жүзден жүйрігін таңдап алуда оңайға түскен жоқ. Бірақ, менің ойымша, дарынды, талантты жастар озып шығып, жүлдеге ие болды.

Байқаудағы бес номинация да ақындардың оң жаңбасына дөп түсті. Тек ішіндегі балалар шығармасы аталымы ғана қиын болған. Құлаққа жеңіл естілгенімен, көтерген жүгі ауыр. Артында ұрпақ тәрбиесі жатыр. Десе де осы аталымда бәйгені Бауыржан Қарағызұлы иеленді. Ол «Ұлы даланың жеті қыры» атты балаларға арнап өлең топтамасын шығарыпты. 

Бауыржан ҚАРАҒЫЗҰЛЫ, АҚЫН: 

Балаларға жазу оңай емес, бала болып жазуға тура келді. Негізі поэзиядағы өлеңдерім күрделі ғой. Бірақ, балаларға барлық күш жігерімді салдым. Оған шабыт берген үйдегі балаларым деп ойлаймын.

Ал, «Ұлттық музейге экскурсия» шығармасының авторы Асылан Тілеген екінші орыннан көрінді. Байқауға «Жылқы деген жануар» өлеңдер топтамасымен журналист Серікбол Хасан үшінші орын иеленді. Мүшәйра «Жастар жылы» аясында партия қолға алған жұмыстың басы ғана. Алда талай шаруа атқарыламақ. 

У. Қабылтай