Астанада бір отбасы 5 бірдей баласынан айырылып, қара жамылды. Алдын-ала болжам бойынша, тілсіз жау оттың қатты қызуынан болған. Шырт ұйқыда жатқан балалар улы газдан уланған. Ата-ана қайда болды? Құтқарушылар не дейді? Уатхан Қабылтай мән-жайды анықтап көрді.
Бүгін Астанадағы бір отбасы қара жамылды.Тілсіз жау бір әулеттің бес бірдей қызын жалмап кетті. Балалардың үлкені 12- де болса, кішісі 3 айлық. От түнгі 2-нің кезінде лаулаған. Жалынды байқаған туысқаны өмірлерін сақтап қала алмағанын айтады.
Жанат ӘЙТІМОВ, ТУЫСЫ:
Дереу барып терезені сындырып, ішіне кірдім. Тас қараңғы, қара түтін болды, ештеңе көрінбеді. Өте ыстық, қолыммен іздеп көрдім, табылмады. Қолымнан келгенін осы болды. Балалардың анасы менің жиенім болып келеді.
Көктал -1 ауданындағы жер тамда өрт шықты деген хабар құтқарушыларға сағат 02:34 те келіп түскен. Бір аптадай бұрын үй иесіне ескерту жасап кеткен мамандар, бұл жолы өрт сөндіруге келеді.
Данияр НАСЫРОВ, АСТАНА Қ. №5 ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бірінші топ бірден жанған үйге кіріп кетті. От температурасы өте жоғары болды. Кешігіп қалдық деп ойладық. Балалар жатқан бөлмеге кіру мүмкін болмады, барлығын жанған, құлаған ағаштар жауып тастаған. Біз 7 минутта келгеннің өзінде қызыл жалын күш алып үлгерген.
Уатхан ҚАБЫЛТАЙҰЛЫ, ТІЛШІ:
Көп балалы отбасы бұл жер тамды 4 жыл бойы паналап келген. Енді үйден қалғаны балалардың күйген киімі, күйген ойыншықтар және мына үйінділер. Жалын шарпыған түні бес бала мына бұрышта бейқам ұйықтап жатқан көрінеді.
Бес баланы асырау үшін ата-ана жұмыс істепті. Осыдан 4 күн бұрын қызметіне кіріскен анасы сол түні түнгі кезеккке шығады. Көлік жөндеу стансасында істейтін әкесін де жұмысқа шақыртып алса керек. Қала әкімі 5 баласынан айырылған отбасыға жан-жақты көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Бақыт Сұлтанов шұғыл жиын өткізіп, бұл төтенше жағдайлар департаментінің жіберген ағаттығы екенін айтты. Ал жағдай қайталанбас үшін үйлерді тексеруді тапсырды.
Эльвира ЖҮРГЕНБАЕВА, АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМІ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Дәл осы үйге бірнеше ескерту жасалған болатын. Осы үйдің қожайына қателіктерді жою туралы қажетті құжатты қолына тапсырған.
Оқиғаға бей-жай қарай алмаған Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев та қара жамылған отбасыға көңіл айтты. Ал оқиға мемлекеттік органдарға және жалпы қоғамымызға сабақ болуы тиіс екенін ескертті. Бұл кезде Төтенше жағдайлар комитеті жұрттың жанын ауыртқан оқиғаға қатысты болжамды жариялады.
Юрий ИЛЬИН, ҚР ІІМ ОРЫНБАСАРЫ:
Алдын-ала болжам бойынша, өрт пештегі оттың қатты жануынан болды деп отырмыз. Кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдырған деген тарап тағы бар. Қазір біздің арнайы топ сондағы барлық жағдайды қарап жатыр. Алдағы уақытта тексеру жүреді. Әкесін шынымен де жұмысқа шақырдыма, сол анықталады бірінші. Тексеріс анықтайды. Жұмыс беруші де сұралатын болады.
Мұндай қайғылы жағдай қайталанбас үшін енді жер үйде тұратындарға газ анализатор жүйесін орнату міндеттелуі мүмкін. Комитет осылайша тұрғындар жауапкершілігін күшейтпек.
У. Қабылтай