Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Ақтөбеде ауыл жастары аз қамтылған отбасыларға жұмыртқа таратып жүр

AstanaTV
07.02.2019ж. 20:00
2578
Ақтөбеде ауыл жастары аз қамтылған отбасыларға жұмыртқа таратып жүр

Ақтөбе облысының Маржанбұлақ ауылының тұрғыны Виктория Ширяева өз ауылдастарын жұмыртқамен қамтамасыз етіп отыр. Жас кәсіпкер алты айдан бері аулындағы көп балалы отбасылар мен аз қамтылған жанұяларға жұмыртқаны тегін таратып келеді. Қазір ауылдағы отыз отбасы оның өнімін тұтынады.  

28 жастағы Виктория әкімдікте жұмыс істейді. Ал, бос уақытын құс өсіруге арнайды. Ата-анасы кішкентайынан осы кәсіпке баулыған. Сондықтан ол отбасылық істі жандандыру үшін ағасы екеуі «Жас прожект» әлеуметтік жобасына қатысып, 1 миллион теңгенің грантын ұтып алыпты. Оған екі жүз тауық пен қажетті азық сатып алған.  

Виктория ШИРЯЕВА, МАРЖАНБҰЛАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Алты ай бойы біз ауылдағы аз қамтылған көп балалы отбасыларды жұмыртқамен қамтамасыз етіп келеміз. Ауылда осындай отыз отбасы бар. Әліміз келгенше оларға өнімді тегін береміз.

Виктория тауық өсіріп, одан көбірек өнім алу соншалықты қиын емес екенін айтады. Оны ата-анасынан үйренген.  

Лариса ГУЗЬ, ВИКТОРИЯ ШИРЯЕВАНЫҢ АНАСЫ: 

Оларға күтіп-баптаудың қыр-сырын айтып отырамын. Қалай азық беру керек, тауықтарды қандай температурада ұстау керек екені маңызды. Ең бастысы - кепе іші жылы болу керек. Таңертең бидай берсек, түсте басқа азық береміз. Солай баптаймыз.

Қазір тауықтардан күніне жүзге жуық жұмыртқа алады. Виктория күн сайынғы алған өнімін ауылдастарына таратады. Әр отбасыға айына екі рет отыз-қырық жұмыртқадан беріп отырады.  

-Здравствуйте! Как ваши дела? Мы к вам с визитом очередным. 

-Спасибо большое! Проект у вас очень хороший. В течение 6 месяцев снабжали нас яйцами.

Негізі Маржанбұлақ ауылының жастары бұл әлеуметтік жоба бойынша бес бірдей грант алған. Солардың бірі ауылдастарына компьютер қолдануды және ағылшын тілін меңгеруді тегін үйретеді.  

Роза ЕСЖАНОВА, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:        

Әр мүшелеріне өздеріне шәкіртақы беріледі. Кімде жоғары білім бар алпыс мыңнан, ал төменгі колледж студенттері мен жұмыссыздарға 40 мың теңгеден шәкіртақы беріледі. Олар тек ақыны алып қойған жоқ. Қайырымдылық жасауға өздері үйренді. Халықты соны қабылдауға үйретті.

Викторияның әлеуметтік жоба бойынша оқу мерзімі ақпанда аяқталады. Содан кейін жас кәсіпкер өнімді сатуға шығаруды және өз кәсібін әрі қарай дамытуды көздеп отыр. Ол тауықтан бөтен бөдене, қаз, үйрек өсіруді бастамақ. Ал, ауылдастарына тегін жұмыртқа таратуды жалғастыра бермек.    

Б. Рахметова