Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Мемлекеттік қызметкерлер мектеп спортзалында шынығады

AstanaTV
12.02.2019ж. 20:00
2987
Мемлекеттік қызметкерлер мектеп спортзалында шынығады

Мемлекеттік қызметкерлер мектептердің спортзалында тегін жаттыға алады. Осы орайда Астанада 78 мектептің спорт залы арнайы бөлінген. Жуырда шенеуніктер кеш батқанша жұмыс істеуді тоқтатқан болатын. Соның арқасында бірі жеке өміріне уақыт тапса, бірі спортқа ден қойған.   

Айнагүл Дүйсембина - Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкері. Жарты жыл бұрын кеңседен аттап шықпайтын. Артығымен жұмыс істеген. Жеке өміріне көңіл бөлуге де мүмкіндігі болмады. Қазір барлығы өзгерген. Сағат 18:30-да компьютер автоматты түрде сөніп қалады. Ақысыз артық жұмыс істеп, кешқұрым кеңседе қалмайды. Бұған Айнагүлдің анасы да дән риза.  

Гүлмира ДҮЙСЕМБИНА, АЙНАГҮЛДІҢ АНАСЫ: 

Кешкі 7-де қызым үйде болады. Әңгіме айтып, демалысты бірге өткізуге де уақыт бар. Жақсы ойластырған. Әсіресе, жастар үшін.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің дерегінше, қазір «ақ жағалылардың» артық жұмыс істеуі 63%-ға қысқарған. Былтыр қыркүйекте түн батқанша тыным таппай, 12 мың сағат жұмыста болса, қазір бұл 5 мыңға да жетпейді.  

Мадина НАУРЫЗБЕК, МҚІСЖҚА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ САЛАСЫНДАҒЫ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ М.А: 

Жеке өмірімде барлығы ретін таба бастады. Артық жұмыс істеуді қойған соң үйге уақытында қайтамын. Жақсы көретін жанды жолықтырып, оны танып білуге, сөйлесіп-кездесуге уақытым бар. Міне, жақында тұрмысқа да шықтым.

Еңбек кодексіне сай, енді қызметкерлер жұмыс уақытын реттеп, жоспарлай алады. Яғни, 1 сағат кеш келсеңіз, 1 сағат артық жұмыс істейсіз. Мұндай икемді кесте - уақытты тиімді басқаруға мүмкіндік бермек.  

Азиз ИБРАГИМОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ ЕҢБЕК НАРЫҒЫН ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 

Жұмыс күні 9:30-да басталатынын ескерсек, бұл уақытта бірі баласын балабақшаға, мектепке апаруы тиіс. Түскі ас кезінде 1-ден 3-ке дейін бос уақыт бар. Бұл кезде де жеке мәселелерді шеше аламын.

Бәрінен де астаналық шенділерге спортпен тегін айналысуға жағдай жасалған. Ол үшін 78 мектептің залдарымен келісім бар. Бұған 25 мың қызметкер қызығушылық танытқан. 

А. Бектас