Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

ІІМ Қ.Қасымов қызметтен кетті

AstanaTV
12.02.2019ж. 20:00
2964
ІІМ Қ.Қасымов қызметтен кетті

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов қызметтен кетті. Бұдан былай ол Президенттің көмекшісі һәм Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы міндетін атқарады. Ал, ізбасары Ерлан Тұрғымбаев соңғы алты жыл бойы вице-министр болған. Түске дейін Премьер-министрдің алдында есеп берген Қасымовтың қоластындағы біраз қызметкер сөгіс естіген. Түс ауа өзі де орынтағын босатты. Үкіметтегі соңғы жаңалықтармен Абай Сейфулла бөліседі. 

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ: 

Астанада болған өрттің жалыны ақыры шенділерді де шарпып өтті. Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер мен Астана қаласы төтенше жағдайлар департаменті директорының міндетін атқарушы Марғұлан Аманбаевқа да қатаң сөгіс жарияланды. Сағынтаев Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильинге сөгіс жариялау туралы Президентке ұсыныс жасады. Түске дейін министр болған Қалмұхамбет Қасымов өртке қарсы әкімдердің жұмысына кінә тақты.

Қалмұханбет ҚАСЫМОВ, ҚР ЭКС ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КӨМЕКШІСІ: 

Мемлекеттік өртке қарсы қызметтің және жергілікті атқарушы органдардың қабылдап жатқан шаралары айтарлықтай нәтиже бермей отыр. Соңғы жылдары елімізде жыл сайын 15 мыңнан астам өрт тіркеледі. Былтыр өрттен елімізде 846 адам зардап шекті, оның ішінде 434-і қайтыс болды. Материалдық залал 3 млдрд теңгеден асты.

Елімізде өрттің 60 пайызы жеке тұрғын үй секторында шығады. Жыл басынан бері республика бойынша тілсіз жау 18 адамның өмірін жалмаған. 6 адам улы газдың құрбаны болды. Өрт саны Атырау облысында екі есе, Алматы қаласы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында 25 пайызға өсіп кеткен.   

Бақытжан САҒЫНТАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: 

Су тасқыны келеді, судың астында қалады. Қыс келеді, үйлер өртеніп жатады. Ал, баяндамамыз керемет бәріміздің. Неге қаржыландыру шешілмеді, неге берілмеді, неге іске қосылмады, неге жол берілді сол өрттерге? Қандай шара қабылданды? Ол туралы бірде бір сөз жоқ. Айтатындарың бәрі жақсы, қатаң бақылауда.

Қасымов болса, бұл міндеттерден құтылды. Енді ол Президенттің көмекшісі, қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы. Астанада 5 баланың өмірін жалмаған өрттен соң Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова журналистер алдында алғаш шықты.  

Мадина ӘБІЛҚАСЫМОВА, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ: 

Біздің министрлік осындай критиканы көп естиді. Себебі, көп күрделі мәселелер біздің министрлікке жатады. Бәрін естіп, біз қажетті шараларды тиімді түрде жасауға тырысамыз.

Абай СЕЙФУЛЛА, ТІЛШІ:  

Жаңа министрді алда жаңа сынақ күтіп тұр. Себебі, биыл 505 елді-мекенде су тасқыны қаупі бар. Әсіресе, Шығыс Қазақстан мен Алматы облысында жағдай күрделі. Бөгеттер жөнделмеген, жаңасы салынбаған. Түске дейін Премьер-министрден Қасымов естіген ескертуге енді Ерлан Тұрғынбаев құлақ асуы тиіс.

А. Сейфулла